Биыл Қызылқоғада 11 спорт алаңы пайдалануға беріледі
Атырау облысының Қызылқоға ауданында жыл соңына дейін қолданысқа берілетін спорт алаңдарының құрылысы Қарабау, Көздіғара, Ойыл, Жамбыл, Тасшағыл, Тайсойған ауылдарында жүріп жатыр. Ал Миялы ауылынан — 3, Сағыз ауылынан 2 жаңа спорт алаңын салатын мердігер мекеме осы айда анықталып, құрылысы басталады деп жоспарланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, соңғы жылдары бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс», деген болатын. Соған сәйкес ауданда соңғы жылдары бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жаңа спорт алаңдары салынуда,- деді Қ.Әзмұханов.
Спорт нысандарының жобасында футбол, жаттығу, балалар ойын алаңдары мен демалыс орындарын салу қаралған.