Балықшыда жаңа баскетбол алаңы ашылды
Атырау қаласындағы “Балықшы” шағынауданында заманауи баскетбол алаңы ашылды. Бұл жоба тұрғындардың сұранысы бойынша жүзеге асырылып, жергілікті жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруды мақсат етеді.
Алаңды салу облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин мен “AtamekenEco” қоғамдық бірлестігінің ұсынысымен қолға алынды. Жобаны қаржыландыруға “TEXOL” компаниясы демеушілік етсе, қалалық әкімдік ұйымдастыру жұмыстарына қолдау білдірді.
Ашылу салтанатында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин, “TEXOL” компаниясының басшысы Борис Зиганшин және спорт ардагерлері тұрғындарды құттықтап, жаңа алаңның маңыздылығын атап өтті.
-Бұл алаң – жастардың спортпен айналысуына үлкен мүмкіндік. Мұнда болашақ чемпиондар шығады деген сенімдеміз. Осындай маңызды жобаларды жүзеге асырған азаматтарға алғысымыз шексіз, — деді Ш.Кейкин.
Жаңа баскетбол алаңы – тек спорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жоба ғана емес, салауатты және белсенді ұрпақ тәрбиелеудің кепілі. Енді “Балықшы” тұрғындары заманауи әрі қауіпсіз ортада спортпен шұғылдана алады.
Өз тілшіміз