Қазақстандық хоккейшілер Универсиадада қола жүлдеге ие болды

291e5ac7d6a5410ab038c30872a7284f Спорт

Қазақстан құрамасы Жапонияны 8-1 есебімен жеңіп, Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан ХХХІ қысқы Универсиаданың қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл – Қазақстан қоржынына түскен оныншы медаль. Оның үшеуі алтын, төртеуі күміс, үшеуі қола.

Есепті 7-минутта отандасымыз Максим Мухаметов ашты. Кейін ол 25, 48-минутта да шайба салып, хет-трик авторы атанды. Сондай-ақ Саян Данияр (23-минут), Әлихан Өмірбеков (26-минут), Батырлан Мұратов (39-минут), Әли Қасенов (43-минут) пен Данил Бутенко (50-минут) қарсылас қақпашысын қапы қалдырды. Жапонияның жалғыз шайбасын Юто Гондаира (40-минут) салды.

Айта кетейік, В тобында ел құрамасы Оңтүстік Кореяны 5-1, Венгрияны 9-1, Ұлыбританияны 15-1, Словакияны 4-0 есебімен жеңіп, АҚШ құрамасына 1-4 есебімен есе жіберген. Ал жартылай финалда Канадаға 1-4 есебімен жол берді.

Жалпы шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы студенттер Олимпиадасына тоғыз мәрте қатысқан. Сонау 1995 жылы Испанияның Хака қаласында чемпион ретінде тұғырға көтерілсе, 1993, 2013, 2015, 2017 жылы күміс, 2007 жылы қола медаль жеңіп алған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз