Атыраулық спортшылар грэпплингтен әлем чемпионатында топ жарды
12-15 қазан аралығында Испанияның Понтеведра қаласында грэпплинг UWW нұсқасы бойынша ерлер, әйелдер және кадеттер мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Тартысты додаға қатысқан атыраулық спортшылар жүлдемен оралды, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жарысқа әлемнің 24 елінен 300-ден аса спортшы қатысты. Чемпионат бағдарламасын No Gi және Gi бөлімінде кадеттер (16-17 жас) және жасөспірімдер (18-20) ашты. Қазақстан құрамасының спортшылары чемпионаттың No Gi және бөлімі Gi бойынша 14 алтын, 10 күміс және 6 қола медалін жеңіп алды. Құрама ішінде атыраулық спортшылар 2 алтын және 1 қолаға ие болды. Жастар арасында 58 келі салмақта Қаршыға Абдурахим No Gi (кимоносыз түрі) және Gi (кимоно түрі) бөлімдері бойынша 2 алтын медаль алды. Жасөспірімдер арасында 54 келі салмақта Рахымжан Тұрғанбек No Gi және Gi бөлімдері бойынша қола медальға қол жеткізді.
-Бұл жарысқа біз 2 ай көлемінде дайындалдық. Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Спортшылар үшін өте қуаныштымын, деді аға жаттықтырушы Асқар Исагалиев.
Айта кетейік Рахымжан Тұрғанбек — былтырғы Ресей Федерациясының Уфа қаласында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері.