Атыраулық дзюдошы ел чемпионы атанды
Астана қаласында дзюдо күресінен 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өз жалауын желбіретті.
Оған еліміздің барлық өңірінен 500-ден аса жас татами шеберлері келіп, бақтарын сынауда. Күрес десе елеңдеп отыратын жерлестерге жарыстың алғашқы күні-ақ ақжолтай хабар жетті. 50 келіде өнер көрсеткен сағыздық Ерхан Мұрат алғашқы белдесулерінде Астана қаласы, Жетісу, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарының балуандарынан басым түсіп, өз тобынан үздік шықты. Ал, жартылай финалда атыраулық командаласын, ақтық сында тағы бір түркістандық қарсыласын қапы қалдырып, алтыннан алқа тақты.
Бұл расымен де зор жетістік. Себебі, аудандағы жасөспірімдердің дзюдодан ел чемпионы атанбағанына он жылға жуықтап қалған еді. Соңғы рет 2015 жылы Жәнібек Тельман алтыннан алқа таққан екен. Ендеше, Жәнібектің жетістігін жаңғыртқан Ерхандікі ерлік емей немене?! Жарыстың марапаттау рәсімі біткен бойда Ерханды телефон арқылы құттықтап, пікірін сұраған едік.
– Осы жарыс болады дегеннен бастап, дайындықты күшейтіп, алдыма қалайда чемпион боламын деген меже қойдым. Аллаға шүкір, мақсатыма жеттім. Әрине, белдесулер оңай болған жоқ. Әсіресе, екінші белдесуде көп күш жұмсадым. Бірақ, тез қалыпқа келіп, қалған белдесулерде сенімді күрестім. Ал, финалда түркістандық балуан маған әдіс жасаған сәтте артқа қырқа шалу әдісімен иппонға түсірдім. Мен бұл жеңісімді үнемі сенім артып, қолдау білдіріп жүрген ата-анама, үкілеп жарысқа қосқан ағайларыма арнаймын, — деп ағынан жарылды.
Ал, Ерханның бапкері Сәлімгерей Нұрболғанов болса енді Азия және Әлем біріншілігіне дайындықты бастайтындықтарын жеткізді.
Дулат БЕРІК