Жарнама
Спорт

Атыраулық Аманат күміс жүлдемен оралды

Атыраулықтар теміржол вокзалында Азия чемпионатында бокстан күміс жүлдені жеңіп алған Аманат Сабырғали мен оның бас бапкері Ерлан Сахиповты зор құрметпен қарсы алды.

Былғары қолғап шеберін күтіп алуға Атырау бокс федерациясының вице-президенті Айдос Дәулетов, бокстан облыстың бас бапкері Ринат Жұмағалиев, спортшының туыстары мен достары, тілеулес жанкүйерлері жиналды.
Жас спортшыға құрмет көрсетіп келгендер оның жарыстағы кезекті жеңісімен құттықтап, байрақты бәсекелерде жеңімпаз болуын тіледі.

Бокстан 27 сәуір-6 мамыр аралығында Астанада өткен U-22 Азия чемпионатында Аманат Сабырғали +92 келі салмақта ел намысын қорғаған болатын. Сайысқа 26 мемлекеттен 500-ден аса спортшы қатысты. Атыраулық боксшы Қытай мен Иордания елінің спортшыларын тізе бүктіріп, ақтық сында өзбекстандық спортшымен кездесті.

–Шәкіртім келешегінен зор үміт күттіретін боксшы. Осы жолы Аманаттың жарақатына байланысты дәрігерлердің шешімімен кездесу тоқтатылды. Бұл дүбірлі дода шәкіртіме үлкен тәжірибе болды деуге болады. Алдағы байрақты бәсекелерде кеткен есені қайтарып, талай асуларды бағындыратынына кәміл сенемін, — деді жеңімпаздың бас бапкері Ерлан Сахипов.

Байрағымызды биікте желбірететін спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button