«Тасты жарып шыққан бұлақ» немесе… (+ФОТО)

27dd0a26e091e0e4175aa3500fa2c8c1 Спорт

ТАМЫЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ АПТАСЫНДА ЕЛОРДАДА ӨТКЕН ДЗЮДОДАН ЕРЕСЕКТЕР АРАСЫНДАҒЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА КҮМІС ЖҮЛДЕ ИЕЛЕНГЕН АТЫРАУЛЫҚ АБИБА ӘБУЖАҚЫНОВАНЫҢ ШАҒЫН БЕЙНЕСҰХБАТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ҚЫЗУ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ. ОНДА ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ОРЫС ТІЛІНДЕ ҚОЙҒАН СҰРАҚТАРЫНА ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАУАП БЕРГЕНІН КӨРУГЕ БОЛАДЫ.

Бейнежазбаны белгілі журналист Мақсат Толықбай: «Біздің спортшылар тіл үшін де күресіп жүр» деген тақырыппен өз парақшасына жариялаған.

«Әр сұраққа баппен, өз тілінде жауап беріп тұрған бұл қызымыз – дзюдошы, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Абиба Әбужақынова» дейді ол.

«Елге құрмет – тілден басталады»

  • Біз мемлекеттік тілге зор құрметпен қарайтын қаршадай қыз Абибаның өзіне хабарласып, арнайы құттықтаған едік.

– Жеңіс құтты болсын, Абиба! Туған жердің намысын әрқашан абыроймен алып жүреріңе жерлестеріңнің сенімі кәміл…

– Рахмет! Өзім де сол үшін еңбектеніп жүрмін.

– Есіміңіз ерекше екен, қандай мағынаны білдіреді?

– Иә, атымды естігенде көбісі таңырқап жатады. Араб тілінен аударғанда, «тасты жарып шыққан бұлақ» деген мағынаны береді. Сондай-ақ, «әдемі» деген мәнге де ие.

– Сіз өзге тілде қойылған сұрақтарға тек қазақша ғана жауап бересіз бе?

– Әрине. Кім болса да, қай жердің нанын жеп, суын ішсе, сол жердің тілінде сөйлегені дұрыс қой. Түсінемін, біз демократиялық зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, кім қай тілде сөйлесе де өз еркі деп жатамыз. Бірақ, әр адамның өзін-өзі ұстауы мен жүріп тұру мәдениеті, отбасынан алған тәрбиесі мен әдебі, көпшілік алдында жауапкершілігі бар емес пе?! Заңда жазылмаған екен деп бұлардан бас тартуға болмайды ғой. Міне, сондықтан, маған қай тілде сауал жолданса да, оған мемлекеттік тілде ғана жауап беруге толық құқығым бар. Меніңше, елге деген құрмет ең алдымен сол елдің мемлекеттік тілін қадірлеуден басталатын сияқты…

– Отбасы деп қалдыңыз, өзіңіз неше ағайындысыз?

– Біз төрт ағайындымыз. Екі әпкем және бір інім бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, спорт сияқты қиындығы мен қызығы қатар жүретін салаға кішкентай кезімнен баулыған ата-анама және үнемі зор сенім артып, қолдау көрсетіп келе жатқан бауырларыма «Аtyraý» газеті арқылы алғысымды білдіргім келеді.

– Әлеуметтік желіде әйгілі болған бейнебаянға оралсақ, журналистер сізден жарақатыңыз жөнінде сұрады…

– Азия чемпионаты барысында жарақат алғаным рас. Әсіресе, жапондықтармен күресу оңай емес. Себебі, олар өте жылдам және ширақ қозғалады. Осылайша, қарсыласты тез шаршатуды көздейді. Әр спортшы кез келген жарақатқа дайын болуы тиіс деп ойлаймын. Сол секілді менің де бұған әбден етім үйренген. Оның үстіне, бұл – жеңіл-желпі жарақат. Өйткені, менің бұдан да ауырын алған кездерім болды. Сондықтан, ешқандай кедергі келтірген жоқ.

– Ал, күмістен бұрын алтын алуға мүмкіндік болды ма?

– Мүмкіндік бәрімізде бірдей. Ешкімнің артық-кемшілігі жоқ. Меніңше, жеңістің жартысы еңбектен, жартысы сәттіліктен құралатын секілді. Мен бұл турнирде 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеттім. Бірінші жекпе-жекте тайпейлік Чен-Хао Линнен басым түстім. Ал, жартылай сында моңғолиялық Наранцецег Ганбаатарды ұттым. Шешуші жекпе-жекте маған жапониялық Вакана Кога қарсы тұрды. Екеуміздің де жылдамдығымыз жоғары болды. Әйтсе де, қарсыласым қолданған бір ғана тиімді әдіс алтын медальдің тағдырын шешіп қойды. Сөйтіп, бұл жолы тағы да былтырғыдай жүлде бұйырды.

– Алдағы арманыңыз, мақсат-міндеттеріңіз қандай?

– Әрбір спортшының арманы – Олимпиада чемпионы болу ғой. Мен де сондай биіктен көрінуге талпынып, қолдан келгенше жұмыстанып келемін. Жақында Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында Азия құрлығының додасы өтеді деп жоспарланып отыр. Қазір соған қызу дайындалып жатырмын.

– Ендеше, тек жеңіс тұғырынан көрініңіз дейміз!

– Рахмет!

img 20220807 wa0038
img 20220807 wa0033
6ad0cd7fd953b4e6c93850e1b0f6ef47
2415d22d3025a54c996b0d9753982759
295971146 3375401012680266 4341793396075215377 n
296137842 3375400999346934 6301245265322231863 n
296138823 3375374692682898 442981524464453729 n
296434688 3375401002680267 8831009452639651484 n
297108122 3375401009346933 4743479658250136964 n
297188474 3375401006013600 8194911469596348369 n 1
234424298533ba05e954d9f3a2e334b8
d75d0360bb1b104cbc616e55407ce0de
fd5850d53a67b73f7fc9342731d70dce
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз