
Атыраулық алып 141 келі тасты көтеріп жүрді
Ақтаудан ақжолтай хабар келіп жетті. Маңғыстау облысының мерейтойына орай өткен «Толағай» алыптар сайысында Құрманғазы ауданының өрт сөндірушісі Ерсейіт Бралин жеңімпаз атанды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Құрманғазы ауданының №7 ӨСБ аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Ерсейіт Бралин сайыс ережесі бойынша бірнеше кезеңнен сүрінбей өткен.

Ол 1 минут ішінде қашықтыққа салмағы 141 кг табиғи тасты көтеріп жүру, ұзындығы кемінде 80 см және 150 см аспайтын диаметрі 14-16 мм кем емес арматураны мойынға қойып ию, ұзындығы 2-3 метр, салмағы 500 кг арбаны сүйреу, ұзындығы 150 см аспайтын, салмағы 10 кг ұшы темір, табиғи ағаштардан жасалған найзаны қашықтыққа лақтыру бойынша сынға түсті.

Атыраулық алыптың мықтылығына көрермендер де тәнті болған. Пауэрлифтингтен спорт шебері Ерсейіт Бралин 1 миллион теңгеге ие болып, желтоқсан айында өтетін республикалық алыптар сайысына жолдама алды.
Майра СЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ