
Атырауда KCF 3 турнирі өтті
Атырау қаласы үлкен спорт мерекесіне айналды. «Атырау» спорт кешенінде Kyokushin Combat Fighting (KCF) ұйымының аясында KCF 3 атты ауқымды турнир өтіп, Қазақстан мен жақын шетелден келген мықты спортшылар бақ сынады. Промоушен тарихындағы ең әсерлі кештердің бірі болған турнир жанкүйерлерге тартысты жекпе-жектер мен күтпеген нәтижелерді ұсынып, нағыз жауынгерлік рухты сезіндірді. Кештің басты титулды жекпе-жегінде атыраулық Ишан Ғалиев пен Андрей Котов қарсыластарынан басым түсіп, екеуі де өздерінің жоғары деңгейін дәлелдеді.

Атырауда өткізіліп отырған спорттық іс-шарада басқа да спортшылармен қатар жергілікті спорт шеберлері ринг төріне көтерілді. Ұйымдастырушылар көрермендер үшін жоғары деңгейде жағдай жасап, арнайы интерактивтік бағдарламалар ұсынды, ал отандық спорт жұлдыздарының қатысуы кештің мәртебесін арттыра түсті. Жекпе-жектерді тамашалауға мүмкіндік алмағандар үшін турнир тікелей эфир арқылы көрсетілді.
Сондай-ақ бүгін спорт кешенінде Қазақстан чемпионаты басталды. Киокушин-кан каратэден өткен біріншілікке елдің барлық өңірінен 500-ден астам спортшы қатысып, үздіктерді анықтап жатыр. Бұл жарыс жас спортшылардың шыңдалуына, болашақ чемпиондардың қалыптасуына үлкен серпін берді.
Атырауда өткен бұл қос шара спортсүйер қауымға ұмытылмас әсер қалдырып қана қоймай, аймақта жекпе-жек спортын дамытуға жаңа серпін берді.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ