Атырауда бүкілқазақстандық Гашуку семинары болып өтті
Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізілген бүкілқазақстандық Гашуку семинары өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған семинарға облыстық Карате-до Шотокан Федерациясы, Жолбарыс спорт клубы қатысты. Семинарды өткізуге жапондық карате шебері, 9 дан қара белбеу иегері, әлемнің 7 дүркін жеңімпазы, Бүкілдүниежүзілік Карате-до Шотокан Федерациясының аға-жаттықтырушысы Хитоши Касуя арнайы шақыртумен келді.
Гашукудің мақсаты – қазіргі таңда жаттықтырушылар мен жас инструкторлардың, спортшылардың дайындық деңгейін сынап, даму бағытын айқындап, шеберлік алмасу және қара белбеуге емтихан тапсыру арқылы дан дәрежелерін растау.
Жапондық шебердің айтуынша, жаттықтырушылар мен жоғары деңгейдегі спортшылардың дайындық сапасы мақтауға тұрарлық. Дегенмен, одан әрі шеберлікті ұштауды тоқтатпай дами беру керектігін ескертті. Аталған семинарда 20 жаттықтырушы мен спортшы өздерінің қара белбеу дандық дәрежелерінің емтихандарынан өтіп, санатын көтерді.
Сондай-ақ, балалар, жастар, жасөспірімдер мен ересектер арасындағы Atyrau Open ашық турнирі ұйымдастырылып, Республика бойынша 150-ге жуық спортшы бақ сынасты. Жарыс жеке және командалық КАТА мен КУМИТЭ бағдарламалары бойынша өтіп, әр жас ерекшеліктері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Айта кетейік, жарыстың жоғары дәрежеде өтуіне ҚуанТрансЛогистик, AJ Media, Smart, Sport Brand компаниялары қолдау көрсеткен болатын.