Атырау спортының болашағы бар ма?
Талайдан бері Атырау спортының басынан «қара бұлт» арылмай келеді. Бұған негіз де жоқ емес. Өйткені, сала жұмысының ең басты көрсеткіші – Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия ұтып алу десек, жағдай тіптен көңіл көншітпейді. Ал, үміт артқан санаулы спортшыларымыз орта жолда сүрініп қалып отыр. Өз тарихында төрт жылдықтың басты бәсекесі саналатын сында таеквондошы жерлесіміз Арман Шылманов қана ел қоржынына бір қола сыйлап, жанға жалау болғаны болмаса спортшылардың көптен бері қуантпай келе жатқаны қынжылтады. Саланы жандандыруға бағытталған шаралар облыста қолға алынғанымен, шындық осы. Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып отырған мәселені талқылау үшін облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы ұйымдастырған «дөңгелек үстелде» сала мамандары спорттың өткені, бүгіні мен ертеңгі тыныс-тіршілігіне қатысты ойларын ортаға салды.
“Дөңгелек үстелге” облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының өкілі, спорт мектебінің басшысы мен жаттықтырушысы, облыстық білім беру басқармасына қарасты Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталықтың өкілі, елге еңбек сіңірген жаттықтырушы қатысты.
Спорт саласының қазанында қайнап, ыстығы мен суығына бойлаған кәнігі мамандардың пікірлері сан алуан. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көп. Десе де жүйелі түрде орындалып, сапасының сын көтеруіне бағытталған іргелі істер қажет-ақ. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Табанды талап пен еселі еңбектің арқасында атыраулық спортшылар төрт жылдан кейін жиырма жыл бұрынғы нәтижені жаңартатына сенім артылып отыр.
Толығырақ: “Атырау” газетінің келесі нөмірінде.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ