
«Атырау» футбол клубы мемлекет меншігіне қайтарылды
Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы «Атырау» футбол клубының мемлекет меншігіне қайтарылғандығы туралы хабарлайды. Шешім клубты басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету және тиімділігін арттыру мақсатында облыстық прокуратураның ұсынысына сәйкес қабылданды.
Клуб 2018 жылдың ақпан айынан бастап «Атырау» кәсіби спорт клубы» қоғамдық қорында сенімгерлік басқаруда болды. Алайда, осы жылдар ішінде клубтың қызметінде жүйелі проблемалар байқалды, оның ішінде құрылтайшылар мен басшылықтың жиі ауысуы, тұрақты спорттық көрсеткіштердің болмауы, сондай-ақ қаржы-шаруашылық қызметіндегі ашықтықтың жеткіліксіздігі.
Легионерлер санының артуы, бюджеттің ашықтығы мен нақты есеп берудің болмауына байланысты клубты мемлекеттік басқаруға қайтару туралы шешім қабылданды. Бұл қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды күшейтуге және өңірдің футбол инфрақұрылымы мен кадрлық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Жақын арада клуб қызметінің ашықтығына, тұрақты басқаруға, жастар мен балалар футболын дамыту, сондай-ақ спорттық өсудің тұрақты стратегиясын әзірлеуге аса мән беріліп, клубты кезең-кезеңімен реформалау жоспарланып отыр.