Ардагерлер арасында волейболдан облыстық турнир өтті

8b886982 076c 4748 a4af 7968eb23971a Спорт

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының және «Ардагерлер волейбол Федерациясы» РҚБ Атырау филиалының ұйымдастыруымен ардагерлер арасында волейболдан облыстық турнир өтті.

Жарыс тамыз айының үшінші жексенбісінде аталатын Спорт күніне арналды. Мұндағы мақсат  ардагерлер арасындағы спорттық дәстүрлерді нығайту және олардың спорттық іс-шараларға деген белсенділігін арттыру болатын. «Нұрсая» спорт кешенінде өткен спорт додасына 6 команда қатысты. Атап айтқанда, Құрманғазы, Жылыой, Индер және Махамбет ауданы (Алға), «АМӨЗ» ЖШС, «Rauan-ntech» ЖШС командалары жарыс алаңында болды.

b554c3d5 3826 4564 bcb6 accc8265cbf4

Спортшылар жеребе бойынша топ-топқа бөлініп, жарысты әп-дегеннен тартысты ойынмен бастап кетті. Командалар дайындықтарын көрсетіп, допты қарсыластарына қарғып соғып жатты. Ойын өте қызу өтті. Жанкүйерлер де ойын барысында айқайға аттан қосып, өз командаларын жігерлендіріп отырды.

Барлық ойыншылар бір сәт бой сергітіп, спорттың денсаулыққа берер пайдасын дәлелдегендей еді. Салауатты өмір салтын қолдап, әрдайым спорттық шараларда белсенділік танытатын ардагерлер бұл жолы да үздік ойын көрсетіп, жастарға да үлгі болды.

Жарыс қорытындысы бойынша бәсекеде бағы жанған ардагер-ойыншыларды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов құттықтап, облыста салауатты өмір салтын насихаттауға өз деңгейінде көңіл бөлінетінін атап өтті.

– Елдің бірлігі мен ынтымағын ойлаған, келешекке өшпес өнеге қалдыруды мақсат тұтқан аға буынның өнегелі істері жетерлік. Ардагерлер өнерде де, спортта да белсенді. Бүгін спортшыларымыз жақсы ойын өрнегін көрсетіп, командаларының жүлделі орыннан көрінулеріне көп үлес қосты. Бұл жарыс аға буынның жастарға көрсеткен үлгісі әрі бұқаралық спортты дамытудың ерекше тәсілі деп түсінеміз, – деді Мұрат Сақтайұлы.

94356549 34ef 43e1 b33f c51327569eed

Сонымен, турнир нәтижесінде барлық қарсыластарынан басым түскен «Rauan-ntech» ЖШС командасы I орынды иеленді. Ал «АМӨЗ»ЖШС мен Құрманғазы ауданының командалары екінші, үшінші орындарды бөлісті.  Жекелеген волейболшылар арасында Нұрлан Қалекенов, Абулхаир Гайсин және Болат Жанқуатов «Үздік ойыншы» аталымына лайықты деп танылды. Марапаттау кезінде жүлделі орындарға Дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, енді турнир дәстүрлі түрде өтеді және Кубок ауыспалы болады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз