Ардагерлер әлем чемпионатына қатысады
Дзюдодан үшінші мәрте ұйымдастырылған ардагерлер арасындағы республикалық чемпионатта атыраулық татами шеберлері мықтылығын танытты.
Олардың арасында байрақты бәсекелерде он шақты жылдан бері белдеспеген балуандар да болды. Соған қарамастан қарсыластарының жауырынын жер иіскеткен ардагерлер биыл қазан-қараша айларында Әбу-Даби қаласында өтетін ардагерлер арасындағы әлем чемпионатына жолдама ұтып алды.
Ел чемпионатына қатысқан Атырау облысындағы дзюдо спортының негізін қалаушылардың бірі, индерлік Асқар Бекенов, биыл маусым айында Астана қаласында самбо күресінен Азия және Океания чемпионатында жеңімпаз атанған Марал Көшенов, Икембай Серғазиев, бұған дейін Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған Еркебұлан Раушановтар биік тұғырды бағындырды. Ал, Бекзат Есенғожин мен Мейрам Әбіл ақтық сында қарсыластарына сәл ғана басымдықпен есе жіберіп алды.
– Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қарсыластарым да бұрыннан қыр-сырын білетін тәжірибелі спортшылар. Жартылай финалдық бәсекеде қарсыласымды вазари әдісімен ұтып, финалдық сында астаналық қарсыласты соңғы секундта оң жақ аяғынан шалып жығып, таза жеңіске қол жеткіздім. Биыл күзде Орал қаласында самбо шеберлері арасында өтетін әлем чемпионатына қатысуды көздеп отырмын, — деді Марал Көшенов.
Алмас ҚАБДОЛОВ