Махамбетте Мәлік Ғабдуллинің атындағы бокс бәсекесі өтуде

img 20220414 165903 Спорт

Махамбет ауданында Мәлік Габдуллинің рухына арналған бокс бәсекесі басталды.

Ауған соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» Мәлік Габдуллиннің рухына арналған 2009-2010 және 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнирдің шымылдығы түрілді. Махамбет ауданындағы дүбірлі додаға Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан, Атырау облысының 7 ауданынан және қаласынан барлығы 300-ге жуық былғары қолғап шеберлері жүлдеге таласпақ.

Турнирдің ашылу салтанатына Мәлік Габдуллиннің дос-жарандары, Ауған соғысында бірге болған қанды көйлек қаруластары, спорт саласының саңлақтары, әріптестері мен ағайын-туыстары қатысты. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары С.Ертілеуқызы, облыстық судьялар Одағының төрағасы Ж.Берікұлы, облыстық Ауған соғысы ардагерлері Одағының төрағасы А.Кулов және марқұмның ағасы Б.Габдуллин сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Мәлік Нағимұлы 1967 жылы 16 қазанда Атырау облысы, Махамбет ауданында өмірге келген. 1981-1985 жылдары Махамбет аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің бокс бөлімінде Қамбар Андашевтың қол астында жаттыға жүріп, талай мәрте аудан, облыс жеңімпазы атанды. Кейін Кеңес әскері қатарына алынып, талай боздақтың өмірін жалмаған Ауған жерінде әскери борышын өтеп, елге аман-есен оралған соң 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінен заңгер мамандығын алып шығады.

1993-2014 жылдары аралығында Балықшы аудандық және Атырау қалалық соттарында төраға болып қызмет атқарған. Ауған соғысында көрсеткен ерлігі, сот саласы мен құқық тәртібін нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Кеңес Армиясына – 70 жыл», «Кеңес Армиясының Ауған жерінен шығарылғанына – 15 жыл» медальдарымен және «Үздік сот төрағасы – 2005 жыл» мақтау қағазымен марапатталған. Ауыр науқастан кейін жарық дүниемен қош айтысқан Мәлік Габдуллинге 2017 жылы «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Халқының ықыласына, құрметіне бөленген азаматтың ғибратты ғұмыры көпке үлгі. Әсіресе мектеп оқушылары Ауған соғысының қасіретін бір кісідей татқан, аудан спортын, сот саласын дамытуға септескен Мәлік Нағимұлын танығаны абзал. Бүгінгі күні батысаймақтық турнир есебінде өтіп жатқан республикалық жарысқа алдағы уақытта еліміздің өзге де өңірлерінен спортшыларды тартса, нұр үстіне нұр болар еді. Айта кету керек, бокс бәсекесі сәуір айының 16-шы жұлдызына дейін жалғасады.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

Суретті түсірген А.Тілегенов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз