
18 спорттық мекеме балалар қауіпсіздігі үшін автобуспен қамтылады
Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты қала және аудандардағы 18 спорттық мекемеге жаңа автобустар сатып алынуда, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мақсат — спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің жаттығу және жарыс орындарына қауіпсіз әрі ыңғайлы түрде қатынауын қамтамасыз ету. Жаңа автобустар облыстағы спорт нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайтып қана қоймай, жас спортшылардың уақытын үнемдемек.
Бүгінде өңірдегі 20 спорттық мекеме жеңіл көлікпен, газельдермен және автобустармен қамтылған. Ал жаңадан алынатын көліктер тасымал құралы жоқ орталықтарға үлестірілмек.
Қазір мердігер мекеме анықталып, автобустарды жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Көліктерді табыстау рәсімі тамыз айына жоспарланды.