Жарнама
Спорт

Эксклюзив: Елдосқа 100 бие атаған кәсіпкер пікір білдірді

Әлеуметтік желілерде Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке 100 жылқы атаған ақтөбелік кәсіпкердің есімі жиі аталып жүр. Осыған байланысты көрші облыстағы, Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылының тумасы Әнуар Махановқа «Атырау» газетінің тілшісі арнайы хабарласып, бұл жаңалықтың рас-өтірігін өз аузынан естіп-білді.

Ата кәсіппен айналысып келе жатқанына 17 жылдай болған кәсіпкер ел мақтанышын жеке танымайды екен. Соған қарамастан бұған дейін де дүбірлі додаларда атой салып жүрген спортшының атына сырттай қанық болып шықты. Ал, бүгінгі өтіп жатқан Олимпиадада елдің атын аспандатқан Елдосқа ерекше риза болып, 100 ту бие атапты. Оны бізбен әңгімесінде де растады. 

Кәсіпкердің сөзінше, Елдос тамыз айының ортасына таман Ақтөбе облысына келеді. Содан соң Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылына апарып, сыйлығын тапсыруды көздеп отыр екен. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында тұратын 49 жастағы кәсіпкер мал шаруашылығымен туып-өскен ауылында айналысады. Кәсіпкерлікке дейін мұнай саласында қызмет еткен. Ал, еліміз егемендік иеленгеннен кейін шетелде алғашқылардың бірі болып білім алыпты.

– Жарқамыс ауылында дүниеге келіп, осында оқыдым. Түркия елінің Измир қаласындағы жоғары оқу орнында қаржы мамандығы бойынша білім алдым. 1996 жылы елге келген соң Нархоз университетінде экономика және менеджмент мамандығы бойынша  білімімді жалғастырдым. Кейін «Қазақ-түрік мұнай» компаниясында сегіз жылдай еңбек етіп, кәсіпкерлікке бет бұрдым. 

Бүгінде мал шаруашылығынан басқа да кәсіптерім бар. Мүмкіндігімше ауылға, мұқтаж жандарға көмектесіп келемін. Қолымдағыны ешкімнен аянып қалған емеспін. Ауылдағы мектеп пен балабақшаға қолұшын созамын. Қазіргі уақытта шаруашылықта жиырма-отыз шақты адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жазғы науқан кезінде елу шақты адамға дейін көбейіп отырады. Чемпионға құрмет көрсете отырып, мемлекетіміздің абыройы арта берсін деген тілек айтамын, — деді «Атамекен» асыл тұқымды жылқы шаруашылығының төрағасы Әнуар Ақмырзаұлы. 

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button