«ЖАСЫЛ ЕЛДІҢ» ЖАНАШЫРЛАРЫ
Жиын барысында сөз алған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи Мемлекет басшысы алға қойған еңбек адамын көтермелеу жөніндегі ойын тарқатып, осы орайда аймақты көгалдандыру жұмысына ерекше үлес қосқан студент жастарға шексіз алғысын білдірді.
— Бұдан үш жыл бұрын аймақта «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жұмысы тоқтап қалған еді. Енді үстіміздегі жылы облыс әкімінің қолдауымен бұл жоба қайта іске қосылып, жанданды. Жобаға 500 жас студент қатысып, белсенділік танытты. Келесі жылы да бұл шара жалғасын табатын болады. Жастарға әрқашан қолдау бар, қаржы да табылады. Ендігі уақытта тек сіздердің белсенділіктеріңіз қажет. Туған жердің табиғаты бәріміз үшін маңызды. Өлкемізді көгалдандыру ертеңгі болашақ ұрпақтарымыз үшін аса қажет, — деген ол жастарды келер жылы да бұл іске бір кісідей атсалысуға шақырды.
Жасалған жұмыстың қорытындысы бойынша «Ең үздік сарбаз», «Ең үздік жетекші», «Үздік қолдаушы», «Үздік командир» сияқты номинациялары бойынша белсенділік танытқан студенттер диплом, Алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Елбасының бастамасымен 2005 жылдан бастап іске асқан бұл жобаға жастар қашанда белсенді қатысып келеді. Бұл жөнінде жобаның Атырау облыстық штабының жетекшісі Ринат Ғилажев мәлімдеді.
— «Көгалдандыру жұмыстары қаламыздағы «Арнаулы автобаза» коммуналдық кәсіпорны мен «АтырауЖасылҚұрылыс» мекемесімен бірігіп іске асты. Мұндай жұмыстар аудандарда да жүргізілді. Маусымдық жұмыста бір студент бір ай жұмыс жасап, жалақы алады. Қалған екінші, үшінші айында басқа студент жұмысқа тартылады. Бұл барлық студенттің маусымдық жұмысқа араласып, еңбектің дәмін тата білуіне септігін тигізді.
Ендігі жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына мыңнан аса студент қосып, сондай-ақ, студенттік құрылыс отряды жұмысын да қолға алғалы отырмыз. Оған 400 студент қатысады деген жоспар бар, — дейді ол.
Жиын соңында шараға қатысқан жас студенттер мен қонақтар маусымдық еңбектерінің жемісін көріп, еңбегінің еленгеніне ризашылық білдіріп, тарқасты. Ілияс Рашид есімді студент биылғы жылы бұл шараға көбіне оқу орнындағы белсенді студенттер тартылғанын айтып, келер жылы оның жұмысын ұйымдастыру жағын әлі де жетілдіріп, көрінбей жүрген студенттерді де қатарға қосу керектігін алға тартты.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.