Жалғызбасты əке баспаналы болды
Тағдыр тауқыметін тартып, баспанаға мұқтаж болып жүрген жандарға қаражат жинап, үй алып беріп жүрген айналдырған «Харекет» қайырымдылық қорының шарапатты ісіне жұрт біраздан куә.
Жақында аталмыш қор «1000 теңгеге – баспана» акциясы бойынша Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Хиуаз ауылындағы жалғызбасты бес баланың әкесі Роберт Ихсановқа тұрғын үйді тарту етті. Туған жеріндегі игі істің жүзеге асуына атсалысып, шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев үй ие-сіне кілтті салтанатты түрде табыстады. «Харекет» қайырымдылық қорының облыстағы басшысы Болатбек Қоңырбаев ауыл тұрғындарын қордың негізгі мақсатынан хабардар етті.
Бүгінде апта сайын мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеп жүрген олар республика көлемінде 29-шы, ал, облыс бойынша үшінші үйді табыстап отыр.
Акция барысында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сапарғалиев, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Құсайынов сауапты жұмыстарды атқарып жүрген аталмыш қор мүшелеріне зор ризашылығын білдірді. Баспаналы болған отбасыға өздерінің сый-сияпатын көрсетті.
Ауыл жастары, ауданның жас кәсіпкерлері қуаныш иесіне тұрмысқа қажетті үй жиһаздарын алып берді. Көрші-көлем жиналып дастархан жайып, бата-тілектерін арнады. Мейірімді азаматтардың шапағаты тиген жалғызбасты әке көмек қолын созғандарға шынайы алғысын жеткізді.
Айнагүл ШАКУПОВА,
Құрманғазы ауданы.