Жайық жағасының жайы қалай?
Көктемгі тасқын су қаупінің алдын алу үшін Атырау қаласында Жайық өзенінің бойындағы бөгеттер биіктетілуде. Бүгін Еркінқала ауылдық округінде аталмыш жұмыс басталып кетті.
Оған 3 арнайы техника мен 4 жүк көлігі жұмылдырылды. Топырақ алатын жердің аумағы белгіленіп, қауіпті аймақтың картасы жасақталған.
-Еркінқала ауылдық округі бойынша су тасқыннан қорғау бөгетінің жалпы ұзындығы 27 шақырым. Ал Ракуша ауылына тиесілі Жайық өзенінің ұзындығы 2,5 шақырымды, оның ішінде қауіпті деп танылған 200 м жерде бөгет биіктетіліп жатыр, — дейді Еркінқала ауылдық округінің әкімі Мұхтар Құмарғалиев.
Сонымен қатар, төтенше жағдайдың алдын алу үшін Еркінқала селосында 4 шақырым ұзындықта өзеннің осал тұсындағы бөгеттерді көтеру жұмысы атқарылады. Бұдан бөлек су тасқынына қарсы Қайыршақты, Атырау, Алмалы, Еркінқала, Дамба ауылдық округтерінде бөгеттер биіктетіліп жатыр.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ