Жарнама
МәдениетШаһар шырайыҚоғам

«Таланттылардың тұстасы, талаптылардың ұстазы»

Осындай атаумен Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет және Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықтардың лауреаты Қойшығұл Жылқышиевтың  70 жасқа толуына орай шығармашылық кеш болып өтті.

????????????????????????????????????

Туған жерінің қадір-қасиетін  қалам арқылы қара өлеңге сыйғызып, өзінің өр мінезді, ұлтшыл өлең тіркестері  арқылы жұртшылығына танылған мерейтой  иесі осы жазиралы жасына дейін жоғарыдағы аталған атақтарынан бөлек, Индер ауданының Құрметті азаматы, ұлттық-қоғамдық «Аманат» және  халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының, түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін халықаралық Фираки Мақтымқұлы атындағы сыйлықтың иегері атанған екен. Осыншама атаққа ие бола тұра астамсып кетпей, адамгершіліктен аласармаған  Қойшығұл ағаның кезінде белгілі режиссер Лұқпан Есенов екеуі әйгілі «Тамаша» әзіл-сықақ театрының негізін қалағанын көпшілік біле де бермейді. Алатау баурайында алшаңдап жүрсе де, туған жеріне деген сағынышы оны елге оралтып, ол бар ғұмырын, күш-жігерін өңіріміздегі мәдениеттің, әдебиеттің өркен жаюына арнады.

Еңбек жолында Махамбет атындағы облыстық драма театры, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, тарихи мәдени мұраларды қорғау инспекциясы сынды мәдени нысандардың басшылығында болған ол бүгінгі күні Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалының директоры қызметін абыроймен атқаруда. Сонымен қоса, халқымыздың асыл өнері – айтыстың аймағымызда дамуына мұрындық болуда. Осы саладағы Қойшекеңнің еселі еңбегі арқасында Салауат Исақаев, Шынарбек Қабиев, Саадат Нұрманов, Шалқарбай  Ізбасаров  сынды ақындар республикалық додаларда тамаша өнерімен елге танылды. Ол өңірімізде жойылып бара жатқан жыраулық дәстүрді де қолға алып, сонау Абыл, Ақтан, Қашаған, Нұрымдардан қалған жыраулық өнерді қайта жандандырып, өңіріміздегі ауыл-аймақтарда танылмай жүрген таланттарды халыққа танытуды қолға алып, оларды сахна төріне тартты.

Батырлар рухының жоқтаушысы, көкірегі өршіл рухқа толы ақынның мерейлі кеші театрланған көрініспен басталып, қойылым барысында кәсіби актерлер сыршыл ақынның сырбаз өлеңдерін  жарыса оқыды. Жыр шумақтарынан соң алғашқы болып облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов сөз алып, аймақ басшысының құттықтауын жеткізді. Жиналған көпшілік одан әрі мерейгердің өмір жолынан сыр шертетін бейнефильмді тамашалады.

Келесі кезекте облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешов құттықтау  айтып, ақынның кеудесіне  Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов жолдаған «Қазақстанның  Құрметті ардагері» төсбелгісін тақты.

Одан соң, сахна төріне Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет көтеріліп, құттықтау сөзін:

– Әр жерде сол елдің тұтқасындай, темірқазығындай, діңгегіндей болатын, топсасындай болған азаматтар болады. Сондай қайраткер ақынның бірі – осы Қойшығұл ағамыз, — деп бастап, — Бұл кісінің шығарған кітаптарының өзі «Асау-кер», «Тарпаң тағдыр» деп келеді. Демек, оның бойында өршіл рух жатыр, — деді.

Сондай-ақ, мерейгерге деген ақжарма тілектерін ақын Ақұштап Бақтыгереева, жазушы Тыныштықбек Әбдікәрімов, «Президент және халық» газетінің редакторы Марат Тоқашбаев, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, «Мұқағали» журналының бас редакторы  Жақыпбек Нұрғожаев, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес  білдірді.

Қазақтың арқалы ақындарының бірі  Светқали Нұржанов Еуропа мен Азияны тең бөліп жатқан Жайық өзенін өткір алмасқа теңей келе:

– Бұл кісі талай қыранға тұғыр болды, талай шыңырауға шығыр болды. Бұл сонысымен де Қойшығұл. Сол алмас қылыш – Ақ Жайықтың жүзінде, иығындағы батпан-батпан жүгін өзіндей  арқалай білетін тағы бір  ақын, тағы бір азамат алдына түскенше біздің көшімізді көрікті қылып, ісімізді өнікті қылып ортамызда жүре берсін, — деді.

Сахна төріне одан соң, «аңыз адам» аталып үлгерген – қазақтың Асанәлісі шығып, ол өз құттықтауынан соң, «ағасынан тәбәрік» болсын деп  киген шапанының шаңын қағып, інісінің иығына жапты. Композитор  Алтынбек Қоразбаев кеш иесіне «Асыл жирен Атырау» атты әнін арнады.

Кеш барысында құттықтаулармен қатар мерейтой иесінің сөзіне жазылған  «Сұрша қыз», «Ренжітпеші», «Бақыт құсы» атты әндері жергілікті өнерпаздардың орындауында ұсынылды.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Related Articles

One Comment

  1. өте қуаныштымын. қазағымыздың ұлы тұлғаларын қолдап жүруіміз керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button