Сарсаңға салған сапасыз үйлер
Шынында да, қазір сапасыз салынған мемлекеттік баспаналар мәселесі қалың бұқараның санасына салмақ түсіріп, қиналған жандарды сары уайымға салып тұр. Бүгінде халықтың көпшілігі несие алып, бірнеше жылға екінші деңгейлі банкке кіріптар болуға мәжбүр. Ал, тапқан-таянғанын бала-шағасының аузынан жырып, ай сайын банкке қаражат құйып отырған халықтың баспанасының сапасы қашан жақсаратыны әзірге белгісіз.
Шыдас бермеген шатыр
Өткен сенбінің кешінде қатты соққан жел мен нөсер жауыннан «Талқайраң-2» ауылындағы пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаған үш үйдің шатыры ұшып кетті. Оның біреуінің маңдайшасындағы тастың салмағын көтермей үйдің төбесі опырылып, ортасына түскен. Қонақ күтетін бөлме мен жылу қазандығы орналасқан бөлмеге орасан залалы тиген. Абырой болғанда, сол күні төбесі құлаған үйдің иелері қонаққа кетіп аман қалыпты. Оған қоса, тұрғындар дабыл қағып, «жарылып жатыр» деп бұрыннан да шағымданып жүрген көшедегі электр бағанына пішінді қаңылтырдың бір бөлігі қатты ұшып келіп тиіп, бағанды бел ортасынан морт сындырды. Желдің екпінінің қатты болғаны соншалық, қаңылтырдың қалған бөліктерін бірнеше метрге дейін ұшырып әкеткен. Сол маңдағы көшелерде бірнеше сағатқа жарық сөнген. Апақ-сапақ уақытта табиғаттың тосын мінезіне абдырап қалған үй иелері мен көршілер тиісті құрылымдарды көмекке шақырып, базыналарын жеткізді.
«Жұтаған шүкірге тоймас» демекші, сонда да халық адам шығыны мен жазатайым оқиғаның болмағанына тәубе десті. Сол түні оқиға орнына округ әкімі, тиісті мекемелердің өкілдері де келген. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Атырау Жарық» компаниясының қызметкерлері электр жарығын таңға жақын толық қалпына келтірген. Сонда да тұрғындар диспетчерге қайта-қайта қоңыраулатып, үсті-үстіне шағым айтыпты.
Сапа неге сын көтермейді?
Осыдан үш жыл бұрын «Отбасы банкі» АҚ арқылы ипотекаға алған бұл үйлердің құрылысы жеке тұрғын үйді дамытуға бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2017 жылы іргетасы қаланып, 2018 жылдың желтоқсанында аяқталған еді. Пайдалануға берілмей, ұзақ тұрған үйлерге әр жерде үй жалдап немесе кезегін тағатсыздана күткен ағайын 2020 жылы айтыс-тартыспен жүріп әрең дегенде қол жеткізе бастаған. Содан бері тұрғындардың жаңа үйлердің сапасы мен шағынауданның инфрақұрылымына қатысты шағымдары толастаған емес. Естір құлақ, көрер көз болса айтудай-ақ айтылып жатыр. Оның бер жағында ауыл арасына жол салынып, санаулы ғана көшеге электр жарығы орнатылды. Бірақ салынған жолдың сапасы да сын көтермейтінін ауылдастар айтып отыр.
Ал, кейбір тұрғындар өздеріне тиесілі баспанаға қол жеткізген соң, шамалары жеткенше күрделі жөндеу жүргізіп, үйлерінің жыртығын жамап-жасқаудан қолы босамайтын болды. Егер жобалық-сметалық құжаттама негізінде талап қойылса, əлі де біраз жөндеу жасалуы керектігі соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Өйткені, үйдің іргетасынан бастап, қабырғалары да жарылып, тұрғындарға қауіп төндіріп отыр. Айта берсе, бұл ауылдың жыры таусылар емес. Халық бастапқыда баспаналы болғанын олжа көргенмен, енді «басқа түссе баспақшылдың» кебін киіп отыр.
Кешегі қатты желден шатыр ұшып, үйлердің жарамсыз болып қалуына талқайраңдықтар мердігер компанияларды айыптайды. Солардың салғырттығы қаншама зардап әкелді. Енді олар мердігердің жауапкершіліктен жалтарып кеткеніне налиды. Баспаналардың сапасыздығын үйдің сыртын қаптаған кірпіштің бір-бірімен байламына қарап-ақ ұғынса болғандай.
Тұрғындардың түйткілі оңала ма?
Қала әкімі Шәкір Кейкин ауылға арнайы келіп, үш үйге келген шығынды есептеп, табиғи апаттың салдарын жою үшін комиссия құрылғанын, оның құрамына ауыл тұрғындарының да кіретінін айтыпты.
Ал, табиғи апат салдарынан зардап шегіп, үйінің шатырын қатты жел түгелдей көтеріп әкеткен №12 көшедегі №9 үйдің тұрғыны Нұрболат Ақтаевтың құрылыс жұмыстарын жүргізген компанияның талапқа сай жұмыс істемегеніне келтірер айғағы көп.
– Үйдің ішінен дала көрініп тұр, жаңбыр жауса үйдің іші суға кетеді. Өйткені, ішкі қабырғалар жарылып, екіге бөлініп жатыр. Шатыр құлағалы жарық жоқ. Маңдайшаның тасын үйдің төбесіне жапқан тастама көтере алмай, опырылып кеткен. Алдағы уақытта үйдің ақшасын қайтарып алуға жұмыстанамын ба деп те ойлаймын. Қала әкімі құрылыс компанияларына қолқа салып, көмектесуін сұрады. Бірақ демеуші тауып, көмек бергеннің өзінде сапасы қалай болар екен?! Әкімдік тарапынан тағайындалған сараптамалық топтың мүшелері төбеге шығып, ағашты ұстатуының өзі қате екенін айтып отыр.
Бұл үйлерді кезінде бағасы қолжетімді болған соң алдық қой. Үйдің ақшасын 10 жылға бөліп, зейнетақы қорындағы ақшамызбен біраз мөлшерін төлеп те үлгердік, енді бір-екі жылы қалған еді. Қазір медиация қызметіне жүгініп жатырмын, талап-тілегімді медиаторлар тиісті мекемелерге жеткізеді. Бастан-ақ үйлердің сапасыз салынғанын білдік. Ал, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері «компаниядан өздеріңіз қабылдап алдыңыздар» деп бет бақтырмай отыр. Айналып келгенде, үйдің сапасына тұрғындар кінәлі болып шықты. Әр саладан келген жауапты қызметкерлердің ешқайсысы да нақты жауап айтқан жоқ. Бәрі бастарын алып қашып тұр, — дейді үй иесі.
Бүлінген үйді екі күн бойына көшіріп, жанталасқан отбасыға сақтандыру уақыты өтіп кеткендіктен банк те, құрылысын жүргізген компания да көмектесе алмайтынын айтыпты. Ешқандай көмек болмаса, барлық күштің қожайынның өзіне түсетінін де жасырмаған. Бүгінде «Арнаулы автобаза» мекемесінің қызметкерлері үйдің маңындағы үйінді тастар мен қаңылтырларды жинауға көмектесіп жатыр. Арнайы құрылған комиссия әзірге зардап шеккен үш үйді қарайтынын айтқан.
Жексенбі күні табиғи апат орын алған жерге «Отбасы банкі» АҚ Атырау филиалы басшысының орынбасары келіп, тұрғындармен мәселені шешудің заң талаптарына сай оңтайлы жолын қарастырған. Зардап шеккен үш үйді қалпына келтіру мақсатында алдын ала техникалық тексеру және ақаулық ведомостын жасау жоспарланған.
Шешімді комиссия шығарады
Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы уақытта әкімдік тарапынан жаңадан салынған барлық үйге тексеру жүргізілмек.
– Әзірге шатыры құлаған үш үйге тексеру жүргізіледі. Кейбір тұрғындар үйлерін «Отбасы банкіне» кері тапсырғысы келетінін айтып жатыр. Өкінішке қарай, банк ол үйлерді қабылдамайды. Тұрғындардың кейбірі үйін сақтандыру шартын бастапқы бір-екі жылдан кейін жалғастырмаған. Сондықтан, банкпен бірлесіп, барлық тұрғындарға хабарлама жіберіп, сақтандыруға тұру керектігін ескерту жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелерді тауып, олармен алдын ала келісімдер жасалды. Мердігер компаниялардың жұмысы комиссияның шешіміне қарай жүзеге асады. Сол үйлерді қалпына келтіруге барынша мүмкіндіктер қарастырылып жатыр, — деді қала әкімі аппаратының баспасөз хатшысы Айша Кенжемұратова.
Бар қаражатын баспанасына жұмсап, бала-шағасын әупірімдеп асырап отырған жұрттың жағдайын көзбен көріп, қынжылып қайттық. Баспана мәселесіне мердігерлердің осыншама жауапсыз қарауын қалай түсінуге болады?! Мұның артында адам тағдыры тұрғаны оларды неге алаңдатпайды?! Ал, кешегі болған апатты жағдайда тұрғындар зардап шексе ше?.. Әйтеуір, адам аман.
Иә, халықтың жанайқайын тыңдап, мұңына құлақ асатын үкімет қол ұшын созады деп үміттенейік.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Сурет автордікі