Санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті бақылауға алынды
Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин округ әкімдері мен бөлім басшыларын тазалық жұмыстарына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Бұл туралы санитарлық тазалық мәселелері бойынша кезекті аппараттық мәжілісте атап айтылды, — деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жиынға 13 санитарлық аумаққа жауапты бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, “АрнаулыАвтоБаза” ЖШС басшысы және жергілікті полиция басқармасының өкілдері қатысты.
Басқосуда өз аумақтарына жауапты мамандар тазалық жұмыстарының нәтижелерін фотослайд түрінде ұсынып, тазалық талаптарын ескермеген тұрғындарға толтырылған хаттамалар жайлы баяндады.
Қала әкімі тазалық жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін учаскелік полицейлердің белсенділігін күшейту керектігін атап өтті. Сонымен қатар, барлық жауапты мекемені бірлесіп, үйлесімді жұмыс жасауға шақырды.
–Тазалық – қоғамның мәдени деңгейінің айнасы. Қала тұрғындарының денсаулығы мен қоршаған ортаны сақтау – біздің ортақ міндетіміз. Әр азамат өз аумағына жауапкершілікпен қарағанда ғана тазалыққа қол жеткізе аламыз, — деді Ш.Кейкин.
Шаһар басшысы тұрғындарды қала тазалығына ерекше мән беруге шақыра отырып, жиын барысында мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің “Тазалық – мәдениеттің белгісі” деген терең ойлы сөзін еске салды. Қала әкімі атап өткендей, тазалық тек тазалаған жерде емес, ең алдымен, оны ластамаған жерде болатынын әрбір тұрғын түсінуге тиіс.
“Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық акциясының басталуымен Атырау қаласында тазалық жұмыстары күшейтілді. Бұл шаралар қаланың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Тазалық – тек бір күндік іс емес, ол біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болуға тиіс!