ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА – АЙРЫҚША НАЗАР

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА – АЙРЫҚША НАЗАР

Кеше ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ербол Орынбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің онлайн режи-міндегі кезекті селекторлық мәжілісінде осы мәселе қаралды. Мәжіліске Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев пен бірқатар облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысып отырды.
Аталмыш жобаға мұрындық болған Халықаралық ынтымақтастық ұйымы бұған дейін Еуразия елдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде Бағдарлама қабылдаған. Осы бағдарламаның аясында Орта Азия елдері бойынша арнайы жоба жасалынған. Мұнда көршілес мемлекеттермен қатар Қазақстан Республикасы да қамтылған. Көзделген басты мақсат тұтастай бір ел немесе мемлекет көлемімен шектелмей, әрбір аймаққа қатысты инвестиция тартудың стратегиясын дамыту, бәсекелестікке қабілеттілік деңгейін көтеру, соған сай келетіндей қолайлы ортаны қалыптастыру болып табылады.

Мәжіліске қатысушыларды алдымен осындай жайлардан хабардар қылған жоба жетекшілері мен жауапты салалық министрліктер өкілдерінің сөзіне сай, қазірдің өзінде негізгі үш тараудан тұратын немесе сонша мақсатты алдына қойған «Инвестиция тартудың өңірлік стратегиясы»жобасының алғашқы екі кезеңінде жоспарланған іс-шаралар тиянақтала келген.
Соның ішінде, соңғысы бойынша әзірленген жобаларды еліміздің үш аймағында, атап айтқанда, Атырау, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында іске асыру межеленген. Осылайша, мұның алдында ғана мемлекеттік, ұлттық деңгейде қабылданып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, оңды нәтижелерін бере бастаған «Қазақстанда салалық бәсекеге қабілеттілікті жетілдіру стратегиясы» бағдарламасын ендігі жерде аймақтарда енгізуге бағыт ұсталынған.
Осыған орай Халықаралық ұйымның өкілдері мен жоба жетекшілері дүниежүзілік деңгейде бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен шетелдік инвестицияларды тікелей тартудың Атырау облысына арналған жобасын даярлаған. Ұсынылған жоба Жұмысшы тобының 2012 жылдың желтоқсан айында өткен отырысында жан-жақты талқыланып, қабылданған.
Жобаға сәйкес, аймақта жалпы іскерлік ахуалды жақсартып, шетелдік инвестициялардың тікелей тартылуына жол ашу үшін кездесетін кедергілерді жою, осы мақсатта экономиканың мүмкіндігі мен тиімділігі мейлінше мол, келешегі зор деп есептелінетін салаларын іріктеп, нақты жобаларға кіргізу, оларды ұсыну мен іске асырудың, болашақта бәсекелестікке сай келетіндей дәрежеге жеткізудің жоспарын бекіту мен нақты жолдарын белгілеу көзделген. Бұлардың санатында химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары индустриясы салалары атап көрсетілген. Сайып келгенде, мұндай жобалар Атырау аймағының да мүмкіндіктерін молайтып, инвестициялық тұрғыдан тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көтеруге ықпал етері сөзсіз.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз