СӘНДІ ҮЙЛЕРДІ САЛҒАНБЫЗ

paraprparara Шаһар шырайы

Қаладағы құрылыстың қарқын алуы шаһар шырайын келтірумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да себепші болғаны сөзсіз. Тұрғын үйлер көбейіп, жаңа көше, алып нысандар салына бастады. Жергілікті халық саны артып,  Гурьев қаласының жаңаша бет-бейнесі қалыптаса бастаған кезі өткен ғасырдағы 60-ыншы жылдардан бастау алады.

1960 жылы жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін «Гурьевнефтехимстрой» тресіне жолдамамен жұмысқа қабылдандым. Трест басшысы Илья Лопан жас маман ретінде еңбек жолымды бастау үшін «Темірбетон бұйымдары» кәсіпорнына жіберді. Онда 2 жылға жуық жұмыс жасап, алғашқы баспалдақты артта қалдырған кезде облыстық партия комитетіне шақырды. Сол шақта «Мақат-Қоңырат» жолының құрылысы басталған-ды. Комитет «жергілікті кадрсың, Жылыойды жақсы білесің, құрылыс саласына бар» деп, тапсырма жүктеді. Басшылық шешіміне қарсы келмейміз, жалақысы аз екеніне қарамастан, сеніп тапсырылған қызметке аттандым. Сөйтіп, 1964 жылы Ембі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы лауазымындағы міндетім – «Мақат-Қоңырат» жолының сапасын қадағалап тексеру, партиялық тапсырманың тиянақты орындалуын қамтамасыз ету.

Бұл қызметте 4-5 жыл жасаған соң, аудандық комитет хатшысы Саламат Мұқашев: «жұмыс тәжірибең жеткілікті, шаруашылық жұмыстарға аралас» деп, Құлсарыдағы ПМК-902 мекемесіне бас-шы етіп жіберді. Бұл – бұрынғы СМУ-4, «Гурьевнефтехимстрой» тресіне қарасты жылжымалы механикаландырылған құрылыс мекемесі. Мұнда 5 жылға жуық жасаған соң, Гурьев қаласындағы жылжымалы механикаландырылған колонна басшылығына ауыстырды. Ол кезде құрылыстың барлығы тапсырыспен са-лынады. Негізгі өтінім берушілер – Ауыл шаруашылығы, Мұнай өнеркәсібі министрліктері, «Казнефтегазразведка», «Эмбанефть» өндірістік бірлестіктері. Олар жолдаған сұранысқа сай, «Гурьевсельстрой» және «Гурьевнефтехимстрой» трестері құрылыс жүргізді.Құрылыс материалдары өндірісі кейін қызметін тоқтатып, оның функциялық жұмыстары бірнеше салаға бөлініп кетті.

Көп ұзамай құрылған «Казнефтегазразведка» бірлестігінің жұмысы – Орал, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шымкент және Гурьев облыстарында экспедиция жасап, бұрғылау жұмыстарын жүргізу, яғни, мұнай көзін ашу. Далалықта жұмыс жасайтын қызметкерлер уақытша тұрақтарға жайғастырылатын еді. Ең көп дегенде үш жылға дейін отырып, зерттеу аяқталғаннан кейін басқа орынға көшеді. Ал, оларға уақытша мекен-жай болған жер тып-типыл болып сүріліп, материалдар жарамсыз күйде қалады.

Кейін осы мәселе егжей-тегжейлі талдана келе, отырықшы өмір салтына көшіру туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, аталған ірі қалалардың жаны-нан тұрақты поселкелер бой көтере бастады.Құрылысты жүргізу үшін сырттан келетін маман, тіпті жұмыс күші жоқ, барлық ауыртпалық өзімізге түсті. Сондықтан, арнайы құрылыс мекемесі жасақталды.

Жұмыс жүйесі Құрылыс министрлігі арқылы шешілгенімен, ауқымды жұмыстарды толық игеруге бір министрліктің қауқары жеткен жоқ. Сол кездегі Гурьев облысының аумағында құрылыс жүргізу жауапкершілігі «Гурьевнефтехимстрой» тресінде болғандықтан, «Эмбанефть», «Казнефтегазразведка» бірлестіктері жанынан да құрылыс-монтаж басқармалары құрылды. Тіпті, бөлек сала болғанына қарамастан, «Казсельхозтехника» тресінің жанынан «Гурьевсельстрой» тресі де ашылғанын аға буын жақсы біледі.

Ол кезде облыстың аумағы сонау түркімен шекарасынан Нарын құмына дейінгі аралықты қамтып жатты. Шағын болса да, Гурьев қаласының ауқымы үлкейіп, тұрғындар саны арта бастағандықтан, негізгі қажеттілік тұрғын үй болды. Біз жы-лына 10-15 мың шаршы метр үй тапсырып тұрдық. Сауда орталығы жанындағы бес қабатты үйлер, Лазо, Корпусная көшелері бойындағы көп қабатты үйлер де – біз салған құрылыстар.Қолда бар құрылыс материалдарын пайдаланып, сол дәуірдегі соңғы технологияларды қолдандық.

Көптеген үйлер темірбетонды конструкциядан тұрғызылатын. Линолеум деген дүниенің тұрмысқа ене қоймаған шағы, тіпті, ондай ұғым да болған жоқ. Үйдің еденіне ағаш төселетін. Содан ба, жаңадан бой түзеген үйлердің сапасы өте жоғары болды. Біртіндеп, құрылысшылар саны да арта түсті. Аз ғана жұмысшымен басталған топ бірте-бірте үлкейіп, алты облысқа ортақ «No99 құрылыс басқармасы» тресі құрылды. Оның басшылығына тағайындалған Қайыпқали Смағұлов іскер басшы, шебер үйлестіруші болатын. Трест жап-пай тұрғын үйлер салумен айналыспай, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мұқтажын өтеу, демалыс уақытын ұйымдастыру мақсатында өзге де нысандар салу қажеттігі назарда ұсталды.

Курорттық аймақ салу, өз-өзімізді жан-жақты қамтамасыз ету үшін кеңшарлар санын көбейту талабы кезек күттірген жоқ. «Каспий», «Ералиев» секілді 3-4 шаруашылық құрылды. Қалалық атқару комитеті мен Бүкілодақтық Орталық Кәсіподақ Комитеті арасындағы келісімге сай, Кавказдағы Кисловодск пен Железноводск қалалары маңынан жер телімін алып, демалыс орнын салу жұмыстары қолға алынды.

Жалпы, құрылыс заңдылығында қай нысанның бой көтеріп, сәулетті салынуы – жер телімін қай мақсатқа беруіне байла-нысты. Яғни, архитекторлардың шешіміне сай тиісті құрылым жерді бөледі, біз жоспар жасақтаймыз. Бас жоспар бекітілген соң, оны өзгертуге, өлшемдерді сақтамауға құқымыз жоқ. Әр көше, әр участок нақты есептеліп тұрады да, құрылыс сол стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Анда-санда өзгеріс енгізу қажеттілігі туындаса, облыстың бас архитекторымен келісіліп, облыстық атқару комитетінің шешіміне жүгінеді.

Қаладағы көп құрылысты «УС-99» тресі салды. Құрылым әуелгі кезде Мақатта болғанымен, кейін Гурьевке көшірілді. Біздің қолымыздан келмеген күрделі құрылыстарды солар салды. Мәселен, «Уют» дүкенінің бес қабатты ғимаратын тұрғызған сол мекеме болатын.

Құрылыс саласындағы бірнеше жылдық еңбек өтілімнің кейінгі кездерінде ПМК-902-да жасадым. ГПТУ-101 училищесінің ғимаратын салу туралы тапсырыс беріліп, толық аяқтадық. Облыстық аурухана, Балықшыдағы мәдениет үйі де сол кезде бой көтерді.

Елдің жағдайы аса көп түзеліп кетпесе де, сол жылдары құрылыс саласының қарқынды дамуына жағдай жасалып, қаржы табылып тұрды. Соған сай, жұмыс та ерекше белсенділікпен әрі өте сапалы жүрді. Осыдан бірнеше онжылдықтар бұрын салынғанына қарамастан сол ны-сандар әлі де сапасын жойған жоқ. Бұл ғимараттар уақыт өте келе ескіргенмен, Атырау қаласының тарихында құрылысшылардың да қолтаңбасы зор екенін айғақтап тұр.

Жақсылық  ТАСҚЫНБАЕВ,

құрылыс  саласының  ардагері

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз