Құрылысы аяқталмаған концерт залы мен монша-сауықтыру кешені бұзылуда
Атырау қаласындағы аталған нысандардың басталғанына екі ай болған жалпы құрылыс жұмыстарының 25%-ы аяқталды. Бұл жұмыстармен айналысып жатқан «ARSM» ЖШС бөлшектеу жұмыстарын осы жылдың қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«ARSM» ЖШС директоры Абылайхан Ғазизовтың айтуынша, демонтаж жұмыстары қарқынды жүруде.
–Бұл ғимаратты бұзу кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Қазір монша-сауықтыру кешені ғимаратының 50%-ы бұзылып бітті. Ал концерт залының сыртындағы күмбезі алынды, жоғарыдағы металл конструкторы бұзылуда. Одан кейін бетонды қабырғасын алу үшін Алматы қаласынан арнайы мамандар келеді, себебі бұл құрылысы бірнеше жылға тоқтап қалған ғимарат болғандықтан аздаған қиындықтар туғызады. Кейін іргетасын аламыз. Құрылыс аймағында 20-ға жуық адам және 2 жүк көтергіш, 2 тиегіш, 3 КамАЗ бен 2 длинномер жұмыс жасауда, — деді А.Ғазизов.
«Нұрсая» шағынауданындағы бұзылып жатқан концерт залы мен моншаның жер телімдерін біріктіріп, орнына «1200 орындық концерт залының және тарихи-өлкетану мұражайы» ғимаратын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасау жұмыстары басталды.
Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі бұрынғы ғимаратты бұзу, қазір демонтаж жұмыстары жүріп жатыр. Екінші кезеңі жаңа ғимаратты жобалау, бұл жұмыстарға «Engineering Center Ltd» жауапты. Мекеме өкілдерінің айтуынша, жобалау жұмыстары жылдың үшінші тоқсанында аяқталады. Сондай-ақ жаңа концерт залы мен көрменің ортасында қазақтың ұлттық аспабы домбыраның пішінінде ғимарат салынады. Оның жоғарғы қабатына қала тұрғындары мен қонақтары шығып, шаһарды биіктен тамашалай алады.
Жоба бойынша бірінші қабатта концерт залы мен мұражайдың фойесі, бақылау палубасына кіру, екі киім-кешек бөлмесі, екі қойма және үлкен конференц залы болады. Сондай-ақ, әр блокта әкімшілік және көмекші кабинеттер қарастырылған. Екінші қабатта 1200 орындық концерт залы, мұражай экспозициясы, қойма бөлмелері және кіші конференц залы болады. Сондай-ақ, залдардың әрқайсысына өнерпаздар үшін киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған. Үлкен залда музыканттарға арналған және сахналық қойылымды сүйемелдеу үшін оркестр отыратын орын болады. Бұдан бөлек ғимаратта екі көлік тұрағы салынады. Балалар үшін хореография залы мен музыкалық студиялар жұмыс істейді.