Жарнама
Шаһар шырайыСарапTime

Құлсарыға қамқорлық қажет

ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДЫ ӨРКЕНДЕТУ МӘСЕЛЕСІНІҢ КҮН ТӘРТІБІНЕ ШЫҚҚАНЫНА ОНШАҚТЫ ЖЫЛДАЙ УАҚЫТ БОЛДЫ. БҰҒАН ДЕЙІН ДЕ ҚАЙТА-ҚАЙТА ҚОЗҒАЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ПРОБЛЕМАНЫ ШЕШУ ҮШІН АРНАЙЫ НОРМАТИВТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТ ТЕ ҚАБЫЛДАНДЫ. БІРАҚ ОНЫҢ ҚАУҚАРЫ АЗДАУ БОЛДЫ МА, ӘЛДЕ БАСҚА СЕБЕБІ БАР МА, БЕРІЛГЕН ПӘРМЕННІҢ АРЫНЫ ТЕЗ БАСЫЛДЫ.

Енді бұған республика Парламенті Сенатының депутаттары араласты. Оған негіз болған – республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты 2021 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауы. Онда өнеркәсіп өндірісінің 40 пайызға жуық үлесі елдегі 27 моноқалаға тиесілі екені атап көрсетілген. Сенат депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Сағындық Лұқпанов республика Премьер[1]Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында қазір моноқалаларда 1,5 миллион адам тұратынын, сондықтан моноқалаларды өркендету, олардың ортақ проблемаларын шешу жөнінде сындарлы әрі нақты шешімдер керектігін айтты.

Қазір Атырау облысында облыс орталығынан басқа тағы бір қала бар. Бірақ оның мәртебесі – 2001 жылдан бері аудандық деңгейдегі шағын қала. Аумағы шағын болғанмен, Құлсарының проблемасы шынымен-ақ шаш-етектен. Елдегі 27 моноқаланың бірі – Құлсарыдағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның жағдайы көңіл көншітпейтіні рас. Ондағы су құбыры, кәріз, жылу және электр желілері әбден тозығы жеткен. Салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмей, тек апаттық жағдайда жұмыс істеп тұр. Олардың жұмыс ырғағын қалыпты жолға қою үшін қомақты қаржы керек. «Құлсары қаласы күн сайын өсіп келе жатқандықтан, қала шаруашылығын дамытуды кешіктірмей қолға алу керек. Солардың ішінде ең бастысы – қаладағы ауыз су мәселесі болып отыр.

Бүгінгі таңда қала бойынша 2012 жылы «Игілік» бағдарламасы негізінде пайдалануға берілген ауыз су желісі арқылы жеке және заңды тұлғаларға ауыз су беріліп келеді. Жаз мезгілінде «КазТрансОйл» АҚ арқылы берілетін су көлемі 8000 текшеметр, ал аудан тұрғындарына жаз мезгілінде қажетті ауыз су көлемі 15000 текшеметрге дейін жетеді. Қала тұрғындарын алдағы екі жылда сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Құлсарыға қосымша ауыз су және сарқынды су желілерін және нысандарын салу қажет. Ол үшін Көкжиде жерасты қорынан су құбырын тарту жұмысын бастау керек» дейді сенаторлар Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында. Сондай-ақ хатта Құлсарыдағы көлік жолын қайта жаңғырту жұмыстарына да қарқын беру қажеттігі айтылған. Өйткені, мәселеге тұрғындар тарапынан жиі маңыз беріліп отыр. Қаладағы 416 шақырым көшенің тек 52,6 пайызында ғана асфальт төселген. Ал, қаладағы 231 көп қабатты үйдің алдыңғылары бұдан 60-70 жыл бұрын салынған. Жаңа баспана сатып алуға қалтасы көтермеген жергілікті халық, әсіресе халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындар тозығы жеткен сол үйлерде тұруға мәжбүр. Алайда, мұндай тұрмысқа мәселені ушықтырып бара жатқаны шын.

Жоғары палатаның Атырау облысынан сайланған депутаттары өз хатында осындай қиын ахуалды айта келіп, бұған ерекше көзқарас керектігін атап көрсеткен: «2021 жылғы бюджетке бірлескен түсімдер бойынша ақпаратқа сәйкес Жылыой ауданы және ауданда өндірісі орналасқан ТШО-дан түскен мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қорға түсім 1,7 триллион теңгеден асады. Бұл қаржының бір бөлігін жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру және моноқалаларды дамыту мақсатында сол жергілікті жердегі өзекті проблемаларды шешуге арнаған жөн деп ойлаймыз».

 Осындай қордаланған проблемаларға қоса, сенаторлардың депутаттық сауал жасауына негіз болған – Жылыой ауданындағы ерекше күтімді қажет ететін жүздеген балалардың отбасыларынан келген өтініш еді. Өйткені, Құлсарыда мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап қазіргі заман талабына сай құрал-жабдықпен қамтылған, емдік бассейні бар, мамандармен толықтырылған оңалту орталығын салған жөн.

Ресми мәліметке қарағанда, Атырау облысындағы туабітті кемістігі бар 2243 баланың 432- сі осы ауданда тұрады екен. Оған қоса, көршілес Қызылқоға мен Мақат аудандарындағы 274 балаға моральдік қолдау мен материалдық шығынды талап ететін ем қабылдау керек. Өкініштісі сол, облыста оларды емдейтін арнайы маман тапшы. Сондықтан, ірі қалалардағы оңалту орталықтарынан логопед, дефектолог, емдік дене шынықтыру (ЛФК) мамандарын шақырып, емдік шаралар ұйымдастырып жүрген ата-аналар мұндай әрекеттерінің шығынын түгелдей өз қалтасынан төлеуге мәжбүр.

Депутаттар Әлихан Смайыловқа жазған хатында мұны да атап көрсеткен: «Білікті кадрлардың тапшылығын ескере отырып, мүгедектігі бар балаларға оңалту шараларын жүзеге асыратын бөлім ашу керектігі айқындалды. Оларға арнайы оңалту орталығы керек екені ақиқат».

Егер Құлсары қаласынан балаларға арналған осындай орталық салынса, бірнеше ауданға қатысты күрделі түйінді шешуге болады. Сенаторлар Ғұмар Дүйсембаев пен Сағындық Лұқпанов осы арқылы шағын қала – Құлсарыдағы жылдар бойы қордаланған көкейтесті мәселелердің оң шешілуіне мүдделі. Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін таппаса, бұқараның да мазасы болмасы анық.

Қуат ҚОСЫМБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button