ПӘТЕР ДЕ, ЖЕР ДЕ КЕЗЕКПЕН БЕРІЛЕДІ

453437734346346453«Нұр Отан» ХДП Атырау қалалық филиалында қала әкімі Серік Айдарбеков тұрғындарды қабылдады. Шаһар басшысының қоғамдық қабылдауына келгендердің басым көпшілігі баспана мен жер теліміне қатысты сұрақтарына жауап іздегендер болды.

Вокзал маңы ықшамауданының тұрғыны З.Исағалиева 2001 жылы аз қамтылған жанұя ретінде пәтер кезегіне тіркелген. Азаматшаның арызымен толық танысқан соң қала әкімі: «Қазіргі таңда аталған тізім бойынша 139-шы орында тұрғаныңызды қаперіңізге береміз. Енді белгілі бір мерзімнен кейін кезегіңіз келген сәтте сіз де жаңа пәтерге қол жеткізе аласыз» деді.

Ал, қаладағы Төлебаев көшесі бойында орналасқан жатақхананы мекендеушілердің атынан келген бір топ тұрғын аталған үйдің ешқандай ПИК-ке қарамайтынын айта келе, «төменгі қабатта орналасқан «У Гаджи» кафесіне келушілер есік алдына көлік қойып, кіріп-шығуға қолайсыз жағдай туындатып отыр. Әсіресе, жазды күндері бұл айнала у-шу болып, тіптен берекетсіздік жайлайды. Өз үйімізге кіріп-шығып жатқан жастар мен кішкентай балалар үшін үнемі қорқумен отырамыз» деді. Жалпы, бұл мәселе жайлы бұрын да арыз-шағымдар келіп түскен.

1986 жылы салынған Дружба көшесіндегі жатақхананың тұрғыны А.Таңатарова да қала басшысының алдына келіп, өздері тұрған үйдің бүгінгі ауыр ахуалын сөз қылды. Мәселенің мән-жайын сұрап келгенде, осыған дейін бұл үйге қызмет көрсетіп келген «Бәйтерек» ПИК-нің қазіргі таңда бұл жұмысынан бас тартып отырғаны анық болды. Аталған жайдың орын алу себептерін анықтауды тапсырған қала басшысы бұл істің де аяқсыз қалмайтынын атап өтті.

Жарбосынов көшесінің бойында орналасқан 89-шы үй осыдан біраз бұрын ресми түрде тұруға жарамсыз, апатты деп танылғанымен, тұрғындар әлі күнге дейін басқа мекен-жайға қоныс аудармаған. Бір пәтер иесінің көшуге қарсылық көрсетуі нәтижесінде 16 пәтерлік екі қабатты үйдің өзге де тұрғындары көшуге мүмкіндік ала алмай отырған көрінеді. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың өтінішін тыңдаған соң, шаһар басшысы: «Таяу күндерде бұл үйдің жайымен жеке барып танысатын боламын. Мәселелеріңіздің мүмкіндігінше шешімін табуға тырысамыз» деді.

Қала басшысының алдына келген өтініштердің бір бөлігі жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін бөлу жайына қатысты болды. Қазіргі таңда Үкімет тапсырмасына сай, инфрақұрылымы толық жасақталмаған жер телімін жеке адамдарға беруге болмайды. Яғни, әуелі тұрмыстық ахуалды түзеп, электр желісін жалғап, көгілдір отын жеткізіп, кірме жолдар жасалғаннан кейін ғана жер телімдері беріле бастайды. Әр адамның айтарына құлақ асып, жағдайларына қаныққан соң Серік Кенғанұлы: «Өтініштердің қай-қайсысы да аяқсыз қалмайды. Тек жоғарыдағы жайтты ескере отырып, жер берудің де кезекпен ғана жүзеге асатындығын айта кетейін» деді.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз