Жарнама
Шаһар шырайы

Қаладағы жабайы шөптен қашан құтыламыз?

Бүгінде елдімекендердің тазалығы ең өзекті де күн тәртібінен түспейтін мәселенің біріне айналды. Осы мақсатта мемлекет басшысының бастамасымен республикада «Таза Қазақстан» акциясы жарияланып, бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүйелі жүзеге асырылуда.

Атырау қалалық мәслихатында «Қала мен оның аумағындағы ауылдық округтердің тазалығы» тақырыбында өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысының басты тақырыбы да осы болды.

Бірінші кезекте шаһар мен қаланың маңын арам шөп пен қамыстан тазарту жұмыстарының барысына назар аударылды. Бұл жөнінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Мереке Зинуллин баяндады.

Оның айтуынша, қала көшелерін арам шөп пен қамыстан тазарту жұмыстары бойынша мердігер мекеме ретінде «AG Disinfection services» ЖШС танылған.
–Ашығын айтсақ, биыл жауын-шашынның көп болуынан және жерасты суының шамадан тыс көтерілуінің салдарынан арам шөп көптеп әрі қалыңдап өсіп кетіп, қала мен оның аумағында келеңсіз жағдай орын алды. Оның үстіне, көктемгі су тасқынына байланысты облыста төтенше жағдайдың жариялануына орай, бұл жұмыстың жылдағы мезгілінен біраз кешіктіріліп қолға алынғаны да рас. Көптеген қиындықтар мен кедергілер кездесті, — деді М.Зинуллин.
Қазір қаладағы 120-ға жуық орталық, шағын, өткелдер мен көшелер және шағынаудандардағы көпқабатты үйлердің ауласы, балалар ойын алаңдары және ауылдық елдімекендердің аумағы жабайыланып өсіп кеткен арам шөп пен қамыстан тазартылуда. Күн сайын тәңертең 07:00 мен кешкі 20:00 сағат аралығында жүргізілетін бұл жұмыстарға 3 трактор, 40 адам арнайы шөп оратын аппаратымен жұмылдырылуда. Одан бөлек, 109 байланыс орталығынан келіп түсетін шағымдар да қаперге алынып кезектілігімен орындалып отырады.

Сонымен қатар «Арнайыавтобаза» ЖШС тарапынан 20 адам арнайы құралдарымен қала көшелерінің шөбін шабуға тартылды.
–Осындай жұмыстар қаланың орталығымен шектеліп қалмай, ауылдық округтерде де жалғасын табуда. Десек те, барлық жерде бірдей керекті қол күші мен шөп шабатын құралдың жетіспейтінін, өзге де кемшіліктердің бары жасырын емес. Алдымен мердігер мекеменің жауапкершілігін күшейтіп, жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыру қажет, — деді бөлім басшысы.
Жоспарланған жұмыстың қаншалықты дәрежеде орындалып жатқаны, қандай мәселелерге жете көңіл бөлу керектігі жайында ауылдық округ әкімдері мен басқа да жауапты тұлғалардың хабарламалары тыңдалды.

Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button