
Қала тазалығын сақтау — басты талап
Экологиялық ахуалдың нашарлауына негізгі себеп — белгіленбеген жерге қоқыс төгу, абаттандыру қағидаларын бұзу. Атырау қаласы полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Айбол Ідірісовтің мәліметінше, өңірде жыл басынан бері 151 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұлардың барлығы — қоғамдық орынды ластағандар, түкіргендер, белгіленбеген орынға қоқыс лақтырғандар.
Қала тұрғындары заңсыз қоқыс орындарына алаңдаулы. Олардың пікірінше, бұндай әрекеттер халықтың тыныс-тіршілігіне тікелей әсер етеді.
“Бұл жерге күн сайын қоқыс төгіледі. Жел тұрса, күл-қоқыс бүкіл аймаққа жайылады. Бізде WhatsApp-та ортақ чат бар. Көріп қалсақ, бірден жазып, учаскелік полицейге хабарлаймыз. Бірақ бастысы – әркім өзі жауапкершілік сезінуі керек. Сонда ғана қаламыз таза болады,” – дейді шаhар тұрғыны Бибігүл Қойбағарова.
Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында бірнеше жоба қолға алынған.

“Атырау қаласы 13 санитарлық аумаққа бөлінген. Әр аумаққа жауапты қызметкер белгіленіп, олардың басшылығымен тазалық жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті полициямен бірлесіп, жүйелі сенбіліктер ұйымдастырамыз. 2024 жылы тазалық талаптарын бұзғандарға 2000-ға жуық ескерту жасалды,” – дейді Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.