Жарнама
Шаһар шырайы

Көпір қашан жөнделеді?

Атырау қаласындағы орталық көпірдің ұзақ мерзімге жабылатындығы, жөнделетіндігі, дегенмен оның құны өте қымбатқа шығатындығы туралы соңғы кездері көп әңгіме айтылып жүр. Осыған орай мәселенің мәнісін білмекші болып, қалалық әкімдікке хабарласқанбыз.

–Бұдан бірнеше жыл бұрын шаһардағы орталық көпірге, сонымен қатар басқа да көпірлердің техникалық жай-күйіне сараптама жүргізіліп, олардың қолданысқа жарамдылығын, пайдаланылу мерзімін анықтау шаралары қолға алынған болатын. Соның нәтижесінде шаһар басшылығы салынғанына алпыс жылдан асқан орталық көпірді реконструкциядан өткізу, сондай-ақ Тұрғын үй қалашығы мен Авангард шағынаудандарын байланыстыратын автомобиль көпірін жөндеу қажеттілігі туралы ұйғарымға келді. 2020 жылы ЖСҚ жобасы әзірленіп, сол кездегі бағалау бойынша оң қорытындысы алынған еді. Алайда жобаның жүзеге асырылуына қажетті қаржы көлемі мен қаржыландыру көзін анықтау жөнінде тиісті бюджеттік комиссия шешімі шығарылмады. Сол себепті  жоба кері қайтарылды, — деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.

Осыдан алты жыл бұрын «Алматы Жоба» ЖШС жасаған жобада реконструкциядан өткізілуі жоспарланған стратегиялық маңызды нысан – көпірдің тіреулерін, темір бетоннан жасалған арқалықтарын жөндеу, жол жабындыларын, қоршаулары мен жарықтандыру желілерін ауыстыру немесе жаңғырту қарастырылған. Сондай-ақ қаланың оң жақ жағалау бөлігінің жылумен жабдықтау көлемін ұлғайту қажеттілігіне байланысты құжатқа өзгерістер енгізілген. Бұдан бөлек, жаңа жылу желісінің құрылысын жүргізу көзделген.

Алдын ала болжанғанындай, көпірді күрделі жөндеу жұмыстарының мерзімі шамамен 36 айға немесе үш жылға созылуы ықтимал. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 16,8 млрд. теңгені (17 млрд. теңгеге жуық) құрайды. Сарапшылардың пікірінше, мұның өзі нақтыланбаған мәлімет. Десек те  қоғамның назарын аударып отырғаны – жоба құнының өте қымбаттығы.

Қалалық әкімдік өкілінің түсіндіруінше, жоғарыда келтірілген деректер-дәйектер алдын ала жасалған болжам, жорамал ғана. Жобаның дәл қай уақытта, қалай іске асатынына қатысты қандай да бір нақты ақпарат айтуға әлі ерте. Оның үстіне инженерлік желілерді қайта орналастыру жұмыстарының тиісті  нормативтік талаптарға сәйкестендірілуіне қажетті техникалық шешімдер алынбаған. Бұны мәселеге қатысты өзге де мемлекеттік құрылымдардың өкілдері де растап отыр. Соған қарағанда орталық  көпірдің жөндеуге тұратыны және ұзақ мерзімге жабылатыны туралы кесіп айту да қисынсыз секілді.

*Сіз не дейсіз?

Алмас СӘРСЕНОВ,

 қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Орталық көпірдің реконструкциясы шаһар ғана емес, өңіріміз үшін де аса маңызды әрі қажетті жоба. Әйткенмен бұл қыруар қаражатты қажет ететін, жүзеге асырылуы күрделі жоба болып тұр.

Осы жерде қаперге берер жайт, біз көпірдің қайта жарақтандырылуына байланысты мынадай ұсыныс берген едік. Яғни осы нысанның астымен өтіп жатқан, қаланың қос бетін жалғастырған жылу жүйелерін жаңа да диаметрі кең құбырлармен алмастырып, инженерлік  инфрақұрылымдарды қайта монтаждау үшін бөлек техникалық көпір салып, қолданыстағы автомобиль көпірін кеңейтіп, енін ұлғайту қажет. Сол уақытта оның көлік жүретін жолақтары да көбейіп, жанындағы жолаушыларға арналған жолдары, басқа да құрамдас бөліктері жаңғыртылар еді.

Тап бүгін болмағанымен болашақта жоба мақұлданып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, техникалық комиссияның шешімі қабылданған жағдайда жасалатын жұмыс көлемі мен құны өзгеруі (қымбаттауы немесе арзандауы) ықтимал. Сондықтан да бұған дейін ұсынылған баға төңірегінде қандай да бір түйін жасап, пікір білдіру қиын.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button