КӨПҚАБАТТЫ 27 ҮЙ ЖӨНДЕЛМЕК
Атырау қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 27 көпқабатты үйге терможаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Күрделі жөндеу жұмыстарына тапсырыс беруші – «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мекеме директоры Бауыржан Тоқымбаевтың айтуынша, әр үйдің жағдайына байланысты түрлі жұмыстар жасалмақ. Атап айтқанда, бұл – төбе мен шатырды жөндеу, қасбетті қаптау, кіреберіс бөлікті майлап-сырлау, пластикалық терезелер мен домофон есіктерін орнату, тоқ желісін ауыстыру, жертөле мен ондағы жылу құбырын және кәріз жүйесін жаңарту. Тұрғын үйлерді қалыпқа келтіруге қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінген.
Осы орайда, шаһар басшысы Мейірім Қалауи терможаңғырту бағдарламасына жауапты мекемелерге өз жұмысын уақытылы және сапалы орындауға тапсырма беріп, қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Әділет АМАНГЕЛДІ