Кешенде жұмыс күші тапшы
Бұдан бірнеше жыл бұрын елде заң бойынша пластмасса, қалдықтар, қатырғықағаз (картон), қағаз қалдықтары және полигондардағы әйнектерді сақтауға тыйым салынды. Осыған байланысты республика Энергетика министрлігі әкімдіктермен бірлесіп шағын және орта бизнесті кеңінен дамыта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) заманауи кәдеге жарату және өңдеу бойынша шаралар кешенін әзірледі.
Атырауда жергілікті атқарушы орган өкілдері қоқыс жинау мәселесін ұтымды шешуге шешім қабылдаған болатын. Содан бері қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін тұрмыстық қалдықтарды түріне қарай бөліп жинақтайтын жәшіктер орнатылды. Бұл қалдықтарды сұрыптауға да оң ықпал етіп, экологиялық ахуалдың жақсаруына септігін тигізетіні айтылған еді.
«Арнаулы автобаза» ЖШС-нің мәліметінше, бүгінде қаладан тәулігіне 250-300 тоннаға дейін қоқыс шығарылады екен. Биыл қаңтар айында серіктестікке қарасты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен іске қосылған. Ғимаратта қатырғықағаз (картон) бен қағаз қалдықтары (макулатура), полиэтилентерефталатты (ПЭТ) материалдар, алюминий, төменгі-жоғары қысымды полиэтилен, пластик пен канистралар сұрыпталады. Кешен аумағы үлкен болғандықтан шығыны да көп, қосымша шығындар да жеткілікті.
Зауыт тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін және қайта өңдеуге арналған жабдықтардың толық жинағын шығаратын Испанияның IMABE Innovaciones атты жетекші компаниясының заманауи техникасымен жабдықталған.
– Біз қазір бастапқы А нүктесінде тұрмыз. Бұл жерде 20 қоқыс көлігі арқылы қоқыс қабылданып, алғашқы сұрыптаудан өткізіледі. Мұнда сұрыптау желісінде кептеліп қалады-ау деген материалдар таңдалады. Нақтырақ айтқанда автомобиль дөңгелегінің тысы, үлкен тұрмыстық техникалар, әйнек, металдар. Кейін барлығы ірі көлемді сұрыптау аймағына жіберіледі. Онда ірі көлемді қоқыстардың қайта өңдеуге жарамдысы іріктеледі. Ал «електен өткізу» кезеңінде қоқыстың ең ұсақ бөліктері алынады. Сосын кабинада жұмысшылар материалдарды пластик, металл, картон не қағазға бөліп сұрыптайды, яғни, жұмыс егжей-тегжейлі жүргізіледі. Кешендегі ақырғы кезең – қоқысты престеу. Өкінішке қарай, біздің желіде пресс машинасы біреу болғандықтан қазір сұрыптауға жатпайтын қалдықтарды пайдаланып жатырмыз, — деді «Арнаулы автобаза» ЖШС қалдықтарды сұрыптау кешенін пайдалану жөніндегі менеджері Олег Янушко.
Сұрыпталған дайын қоқыстар арнайы өңдеу орындарына жіберіледі. Жылдық қуаты 150 мың тонна болатын зауытта әзірге күніне 100 тонна қоқыс сұрыпталады. Соңғы жылдары оған келіп түскен жалпы қалдықтың ішінен іріктеліп, қатты тұрмыстық қалдықтың 18,9 пайызы ғана сұрыпталған.
Бүгінде кешенде 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Жұмыс көлемі көп әрі өзіндік қиындығы болғандықтан, әлі де жұмыс күші керек екен. Өйткені қалдықтардың көлемі әлдеқайда көп. Сондықтан алдағы уақытта жұмыс ауысымын ұзарту көзделіп отыр.
– Кешенге жұмысшыларды тарту қиынға соғып тұр. Бір жағынан жалақы жоғары емес, оның үстіне жұмысқа екінің бірі шыдамайды. Қоқыс сұрыптаудың да өзіндік тәсілі бар. Жұмысшылардың көпшілігі – жергілікті адамдар, әсіресе Алмалы, Береке, Көкарна ауылының тұрғындары. Оларды тасуға арнайы көлік те бар. Арасында Өзбекстан елінен келіп жұмыс істеп жатқан азаматтар да жоқ емес, — деді О.Янушко.
Қоқысты бөлек жинау әдісі әлемнің озық елдерінде тәжірибеге енгізілген. Бұл тәсіл қаланы қоқыс-қалдықтан тазартумен қатар, қоршаған ортаға тигізетін зиянын азайтуға да оң септігін тигізбек. Сондықтан қалада пластик, қатырғықағаз және қатты қалдықтардың бөлек жинала бастағанына бірнеше жыл болған. Ол үшін бірнеше көшеге арнайы контейнерлер орнатылған.
Былтыр республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жобаларының маңызы артып жатқанын айтып, проблема көтерген еді. Жыл сайын Қазақстанда 4,5 миллион тонна коммуналдық қалдықтар жинақталады. Бірақ бөліп сұрыптау жүйесі болмағандықтан, қалдықты қайта өңдейтін зауыттар қуатының жеткіліксіздігінен олардың көпшілігі полигондарда көміліп жатқанына айқын дәйектер келтірді. Бүгінде соның аз ғана бөлігі кәдеге жаратылып отыр. Былтыр қаңтар-шілде айлары аралығында Қазақстан шетелге 11 мың тонна пластикалық қалдық, 13,4 мың тонна қағаз қалдықтарын жөнелткен.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ