БИЗНЕСТЕ ӘЙЕЛДЕР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Күн тәртібінде мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиеленушілерін, жалпы орта білім беретін және кәсіби білім беру ұйымдарының оқушыларын рухани-имандылық құндылықтарына, неке мен отбасын нығайту негіздеріне үйрету туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан Мырзағалиев және әйелдер үшін ұйымдастырылған кәсіпкерлік мәселелері курстары жайында облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Лариса Жұмағалиева баяндама жасады.
Облысымызда соңғы төрт жылдан бері «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. Оған облыстағы бірнеше әйел кәсіпкер қатысуда. Аталған бағдарлама басталғаннан бері несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша 21 кәсіпкер әйел сомасы 3 млрд. 290 млн. теңге көлемінде несие алған. Олардың арасында «Жер телімін сатып алу, жөндеу мен құрылысты аяқтау, айналым қаражатын толықтыру және тауарлар сатып алу» бойынша 30,0 млн. теңге несиеге қол жеткізген «Амандықова С.А.» ЖК мен «АТФ Банк» АҚ-нан алған несиені қайта қаржыландыру, негізгі қорды сатып алу, негізгі қаражатты жөндеу және жаңғырту» бойынша 38,0 млн. теңге несие алған «Ж.Т.Ағибаева» ЖК бар. Сондай-ақ, істерін жаңа бастаған кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар ұсыну бойынша екі кәсіпкер әйелдің жобасы мақұлданған. Олар — «Жүнді түту және жүн талшықты дайындау цехы» жобасының иесі «Г.Машенова» ЖК, «Кілем және жұмсақ жиһаздарды тазалау» жобасы иесі «А.Оразымбетова» ЖК.
Бір құптарлығы, тек қана облыс орталығы — Атырау қаласында тұратын әйелдер ғана емес, аудандар мен шалғай елді мекендерде тұрып жатқан нәзікжандылар да өз кәсіптерін бастауға әзір. Кәсіпкерліктің қыры мен сырын түсініп, соған үйренем деушілердің қатары да жыл санап, ай санап өсіп келеді. Айталық, есепті мерзімде бизнес негізін оқып-үйренуге 110 адам ниет еткен болса, соның 61-і — әйел адам. Ал, шағын несиелендіру бойынша 45 адам несиеге қол жеткізген болса, соның 13-і де әйел заты. Жалпы Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері «белгілі бір кәсіппен айналысқысы келетін әйелдерге, соның ішінде мүгедек әйелдерге бизнес негізін үйретіп, олардың жұмыссыз отырмауына көмектесуіміз керек», деп шешті.
Күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша аталған комиссияның кеңесшілері, қоғам қайраткерлері — Мелләт Сабырова, Мәдина Ғабдісәлімова, Нұржиян Абдолова, Рәшила Мүрсәлиева, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, облыстық «Қыз Жібек» қыздар клубының жетекшісі Бақыт Барсай, Атырау Бизнес және құқық колледжінің директоры, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» облыстық филиалының төрайымы Нұрлы Әйтиева және басқалары сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрайымы Айгүл Әжіғалиева комиссия көтерген қандай мәселе де көзден таса, ойдан жырақ қалмайтынын, оның артында адам тағдыры мен болашағы бар екенін тағы бір мәрте еске салды. Кезекті отырыс көтерілген мәселелер бойынша шешім қабылдады.