Қала көшелері кеңейіп келеді

na ulicah atyrau Шаһар шырайы

Бүгінде Атырау қаласында инженерлік инфрақұрылымдарды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бірінші кезекте жолдарды жөнге келтіруге көңіл бөлінген.

 Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ержан Хайноллаевтың айтуынша, Атырау қаласы мен оның аумағындағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы – 1635 шақырымға жуық. Соның 1420 шақырымнан астамына тас жол төселген. Былтыр 77 көшеге жол құрылысы салынса, биыл 5 көшеге (9,8 шақырым) қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Олардың қатарында Әуезов (2,8 шақырым), «Балықшы-Зарослый» автожолы (5,7 шақырым), Канцев (1,2 шақырым), басқа да көшелері бар.

Ал, қалаға қарасты ауылдарда жалпы ұзындығы 134,2 шақырым болатын 227 көшеге жол салу жұмыстары басталды. Пайдаланудағы автокөлік жолдарына (жалпы ауданы 18 мың шаршы метр) ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу межеленген. Қазір жобалары бекітіліп, құрылысы жоспарланған нысандардың барлығында дерлік жөндеу-жаңғырту жұмыстары қарқын алған. Солардың қатарында Кеңестер Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Георгий Канцев атындағы көше (суретте) де бар.

Мұндағы реконструкциялау жұмыстарының мердігері – «Казахдорстрой» ЖШС-іне тиесілі учаскеде 30-ға тарта техника, бірнеше жүздеген адам жұмысқа тартылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары сәуірдің ортасында басталған екен. Біраз шаруа еңсеріліп те қалған.

– Бұл көшедегі көлік қозғалысы бұрын екі жолақты (ені 7 метр) болса, енді ол 4 жолаққа дейін кеңейтіліп, ені 14 метр болады. Көше қиылысына төрт бағытта көліктердің кептеліссіз, кедергісіз өтуіне қолайлы бұрылыстар салынады. Қиылыстарға заманауи үлгідегі бағдаршамдар мен көше бойына жарық шамдары, соңынан автобус аялдамалары орнатылады. Сосын көліктердің жол бойында тоқтап тұруына ыңғайлы қалташалар, екі жағынан жаяу жүргінші жолдары (тротуар) жасалады. Кестеге сәйкес Канцев көшесінің бойындағы жұмыс тамыздың ортасында толық аяқталады. Қазіргі қарқынға қарағанда, мердігер кәсіпорынның межеден көрінетініне сенім мол, – дейді бөлімнің бас маманы.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз