Атыраудың өз кабриолеті бар

c9ba01b3 b342 4723 b835 8ba90e28b5e9 Шаһар шырайы

Атыраудың өз кабриолеті бар. Оны облыс орталығындағы Исатай-Махамбет алаңынан алғаш көргенде бір байшыкештің көлігі болар деп ойлағаным рас.

Кейін үймелеп, бірінен соң бірі кезекке тұрып, қыдырып келіп жатқан жұртшылықты көріп, жақындай бастадым. Сөйтсем, аталған алаңнан әуежайға барып, келуге болады екен. Бағасы да анау-мынау емес. «Ого-го» деп тұрғанын жасырмайын. Дегенмен, «шыттай» өмірдің бал-дәмін татуға құмартып, кинодан ғана көріп жүрген қымбат көлікке бала-шағамызбен отыра кеттік те бір сәтке ретро стильдегі фильмнің кейіпкерлеріндей сезінгенімізді айтпай-ақ та түсінуге болады. Жүргізушімен сөйлесе келе қолдан құрастырылғанын және оның атыраулық тұрғынның қолынан шыққанын естіген бойда, журналистік қызығушылығым ояна кетпес бар ма?!  Нұржанмен таныстығымыз осылай басталды. 

«Тым жақсы кәсіп, «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген осы. Сүйікті ісін (хобби) кәсіпке айналдырған Нұржан Темірбай осыдан 12 жыл бұрын 23 жасында  алғашқы көлігін құрастырған екен. Енді бір сәт желмен жарысатын ұшқыр спорттық көліктерді жасауға аңсары аумасы бар ма? Онда да көненің көзіндей ертеректе жасалған дүниелерді. Бір қиыны оларға келетін бөлшектерді табу оңай емес екен.  Шеберлікке машық серік емес пе? Көзі қанығып, қолы үйренген сайын алға жүре бергісі келеді. Тәжірибесі толыса келе, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары атағы шыққан америкалық және ағылшындық ретро көліктерді құрастыра бастады. Талпынған талап тас жарып, тау қопарады ғой, аз уақыттың ішінде зауыттан жаңа шыққандай жұтынып тұрған «кабриолет» көлігі мұнайлы мекеннің жер танабын қуырған жүйріктей жүйткуге дайын  болып шығады.

–  Бала күнімнен техника атаулыға үйір болып өстім. Әуелі кішкентай ойыншықтарды бұзып, құрылысымен танысып, кері құрастыратынмын. Өсе келе өңірде өзгеше, ешкімде жоқ ерекше автомобиль жасағым келетін болды. Үлкен арманым мақсатқа айналып, алдыңыздағы кабриолет өмірге келді. Бұған дейін тайота моторымен бмв, автожарыстар үшін жасалынған басқа да көлік, мотоцикльдер болды, – деген темірден түйін түйген Нұржан кабриолеттің 1963 жылғы волга 24-тен жасалғанын жеткізді.

9baf6b49 d6bd 44c4 bb9b 5c4362de6c52

Уақыт өте келе, он саусағынан өнер таматын, «күресінге енді қажеті жоқ» деп тастай салған қара темірге жан бітіретін хас шеберге қалай айналғанын өзі де сезбей қалған секілді. Айтуынша, Оралдан 300 мың теңгеге сатып алып келген бойда бояп, 11 см-ге созып, қозғалтқышын да өзгертпестен жасауға тырысқан. Кабриолет жасап шығару үшін 5-6 миллион қаражат құйыпты. Десе де, «кеткен миллиондарды артығымен ақтаған шығар» деген сауалымызға жымия «әрине» деді ол. Өйтпегенде ше, бұл танымал кабриолет. 

2021 жылы  Ақтау қаласында түсірілген «Типо мачо» атты киноға түсіп қайтқан көрінеді.  Тіпті Алматыға да «барып қайтыпты», клипке түскен екен. Осы айдың аяғына қарай тағы жол жүргелі отыр, бұл жолы танымал әнші Ерке Есмаханның бейнеклипінде бой көрсетеді. Сұраныс көп. Ресейге де шақыртқан, «алыс болған соң бара алмадық» дейді шебер. Астаналық Нұрлан есімді блогер де клипіне түсіріп, атыраулық кабриолет астаналықтардың да «жүрегін жаулаған» секілді.  

Айтпақшы, Нұржанның мамандығы механик, сол салада жұмыс жасайды. Жұмысы да көлікпен байланысты. «Қазақстанда  Gorilla Drift Energy деген жарыс бар. Соған Атыраудың намысын қорғап бару керек болған кезде бмв құрастырған болатынмын. Оған 1,5 жыл уақыт кетті. Қиындау болды» деген Нұржан Темірбайдан мұндай супер көліктер цехта емес, үйдің ауласындағы шағын ғана көлік тұрағында жасалып жүргенін білдік. Жалпы, көліктің өзі екіге бөлінеді екен, кузовты және, рамный деп. Бұл волга зауыттан кузовты болып шыққан. Нұржан оны рамныйға ауыстырған екен. Бастысы бұл емес, Нұржан мұны кәсіп не мақтаныш үшін жасап жатқан жоқ, сүйікті ісі әрі осындай жаңалыққа тумысынан ынтызар.  

– Әйтеуір, қазір ғаламтор қолды ұзартып тұр. Айшылық алыс жерлерден керегіңді тез алдырта аласың. Қажетті бөлшектерге тапсырыс беріп алдыртамын да, көлікті құрастыруға кірісе кетемін. Алда әлі де ойымда жүрген ерекше стильдегі көлік құрастыратын ойым бар. Ол құпия бола тұрсын, – дейді ол.    

Әрдайым ілкімді ізденіске бейім тұратын Нұржан Темірбай болашақта отандық брендке айналатын автокөліктер жасап шығарсам деп армандайды. Несі бар, отыздың бесеуіндегі  ізденімпаз жастың көкірегіндегі арманы орындалары анық.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз