
Атырауда су тасқынына қарсы жұмыстар күшейтілді
Атырау қаласында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған орай қала әкімі Шәкір Кейкин қауіпті аймақтарды аралап, бөгеттерді бекіту жұмыстарын өз көзімен көрді.
Атырау қаласы әкімдігі баспасөзқызметінің хабарлауынша, алдымен Бесікті мен Талқайран ауылдарындағы үргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы тексерілді. Мердігер мекемелер мен округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріліп, қауіпсіздік шараларын барынша күшейту міндеттелді.
–Қазір қала маңындағы су тасқыны қаупі жоғары аумақтарда арнайы инженерлік құрылымдар орнатылып жатыр. Атап айтқанда Талқайранда – 1,8 шақырым, Ақжарда – 600 метр, Бесіктіде – 500 метр, Еркінқалада 1 шақырым қашықтықта төзімді геошпунт, геокаркас және табиғи таспен толтырылған габион торлары бекітіліп жатыр, — делінген баспасөз хабарламасында.
Мамандардың айтуынша, бұл қорғаныс жүйелері су ағынын бәсеңдетіп, бөгеттердің шайылып кетуіне жол бермейді. Сонымен қатар су тасқыны кезінде жағалауды бекітіп, толқын қысымын тиімді таратуға мүмкіндік береді.
Қала әкімі Шәкір Кейкин Алмалы ауылындағы су сорғы станциясына да арнайы барып, оның маңыздылығына тоқталды. Бұл нысан ауыл тұрғындарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіп отырғандықтан, оның жұмысы үздіксіз әрі сапалы болуы тиіс. Әкім Жайық жағасындағы бөгеттерді күшейтуді, станция аумағында қорғаныс шараларын күшейту және қайта жаңғырту жұмыстарын сапалы жүргізуді де тапсырды.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ