Жарнама
Шаһар шырайы

Ардагерлердің күй фестивалі

Күй атасы – Құрманғазыдан бастап, киелі күй өнерін өзінің көшіне ілестірген қазақтың біртуар талантты күйшілері, өнер тарихына елеулі еңбек қалдырып келгені ақиқат. Бабадан қалған асыл мұраны қастерлеп, дәстүрін дәріптеген талантты ұлдар мен қыздар өткеннің өнегесін бүгінге жалғаған қазақи тұлға болды.

Кәсіби күйшілердің қатары  киелі Нарын топырағында да күн санап артуда. Рысбай Ғабдиев, Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева сынды жерлес кәсіби күйшілердің жолын жалғастырушылар қатары көптеп өсіп келеді. Оған дәлел, облыстық, республикалық сайыстардан исатайлық өнерлі өрендердің жүлдесіз қайтқан кезі болған жоқ.

Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай  Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы мәдениет үйінде «Қос ішекті құдірет» атты аудандық күй мерекесі болып өтті. Оған өнер қонған өлке топырағында туып-өскен, халық шаруашылығының түрлі салаларында еңбек ете жүріп, күйшілік өнерді жандарына серік етуші сегіз ардагер-өнерпаз қатысты.

Фестивальды ашу салтанатында сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мүтиғолла Насиханов өнер сайысына қатысуға ниет білдіруші ауданның ауылдық округтерінен домбыраның оқуын бітірмесе де осынау киелі аспапқа тіл бітіріп, күй өнерін насихаттап, жастарға өнеге көрсетіп жүрген ардагер ағалар мен апаларына сәттілік тіледі.

Күй фестиваліне қатысушылардың  жас ерекшеліктері де әртүрлі. Мәселен, Аққыстау ауылдық округінен сынға түскен сауда саласының ардагері Мұрат Шахуовтың жасы 72-де, жанбайлық  зейнеткер-дәрігер Асқар Салихов – 74-те, ал, Зинеден ауылынан келген көп балалы ана Меңдіғазиева Балзия Исатай стансасында теміржол операторы қызметін атқарған, «Әжелер» ансамблінің мүшесі, түрлі аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері болса, Тұщықұдық ауылдық округінің 75 жастағы тұрғыны Маруся Хапизова апай шаруашылықта аспаз болып жұмыс жасаған.

Өнер додасына қатысушылардың  репертуары да бай. Олар  әділқазылар алдына Құрманғазы, Дина, Абыл, Дәулеткерей, Тәттімбет сынды халық композиторларының шығармаларын  ұсынды.

— Өзім шығарған үш-төрт шығармам бар еді, содан «Қос қарылғашым» атты күйімді орындап, халық алдында қошеметке ие болдым. Ардагерлердің көрсеткен өнерін кейінгі толқын жастар жалғастыра берсін деген тілектемін, — дейді  ардагер-теміржолшы Көптілеу Меңдібаев.

«Қос ішекті құдірет» атты аудандық күй фестивалі көпшілікке үлкен әсер қалдырды.Сайыс соңында қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Бақытжан  ХАМИТҰЛЫ

Исатай ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button