Журналист, депутат, кәсіпкер – «Ақ жол» партиясы Президент сайлауына үміткерлерді қарастырып жатыр
Елордада «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтіп жатыр. Онда партия атынан Президент сайлауына қатысатын үміткер анықталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кеше партиямыздың ұлттық кеңесінің отырысы өтті. Ұлттық кеңесіміздің мүшелері кезектен тыс Президент сайлауына «Ақ жол» демократиялық партиясының қатысуы туралы ұсыныс жасады», — деді «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев.
Съездегі екінші мәселе – партия атынан осы сайлауға түсетін үміткерді таңдау.
«Бұл бойынша ортақ келісімге келген жоқпыз. Шешімді қабылдауға тек съездің өзі құзіреті бар. Бұл мәселені сіздердің қарауларыңызға шығарайық деп шештік. Бір партия болғандықтан, арамызда түрлі пікір болса да, партиямыз атынан, құрылтай қабылдаған шешімді қабылдап, бәріміз бұл үміткерге қызмет етуге тиіспіз деп білемін. Соны сақтауға сіздерді шақырамын», — деді Азат Перуашев.
Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлау жариялағалы партия атынан 6 адам сайлауға түсуге ниет білдірген.
«Бұл 6 адамның бірі – ірі бизнесмен, біздің партия атынан қатысқысы келді, бірақ пленум оны қолдамады. Тағы бір кісі басында қатысамын деп, кейіннен қатыспауды ұйғарды. Тағы бір адам өзі ұлттық кеңесте ұсыныс жасалды, бірақ соңында бас тартты. Аяғында үш үзеңгілесіміз партия атынан сайлауға қатысуға ниетті», — деді Азат Перуашев.
Үш үміткердің бірі – жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсенова, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев және «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, кәсіпкер Асқар Садықов.
Әзірге ел өңірлерінен жиналған жүзден астам съезд делегаттары үш үміткердің сөзін тыңдап, өз сұрақтарын қойып жатыр.
«Одан бөлек, ұлттық кеңесте кей әріптестеріміз Президенттің Павлодарда айтқан сөзін, оның қоғамдық қозғалыстар атынан түсетінін естіп, Президентті қолдауды да ұсынды. Мұндай пікірмен де санасуымыз керек», — деді Азат Перуашев.
Еске сала кетсек, 2019 жылы 9 маусымда елдегі Президент сайлауына «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дәния Еспаева қатысқан еді. Қазақстан сайлау тарихындағы алғашқы әйел-кандидат сайлаушылар даусының 5,05 % жинады.