Жарнама
Саясат

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ

«Елбасының Қазақстан халқына жариялаған Жолдауының үлкен мәні бар. Бұл құжатта Президентіміз таяуда жаһандық сынақтар кезеңінде мемлекеттің даму деңгейін тұрақтандыру бағытында айқын мақсаттар қойып, нақты тапсырмалар берді. Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу – «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы.

Партияның «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында!» атты саяси Доктринасында партия мемлекетіміздің негізгі құндылықтарының қорғаушысы болуы қажеттігі атап айтылды. Міндеттер межеленді, тиісті тапсырмалар берілді, зор жауапкершіліктер жүктелді», — деді Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев.

Осы орайда, шаһар басшысы партияның қалалық филиалының саяси кеңесі мен саяси кеңес бюросының 2013-2014 жылдарда атқарған жұмыстары туралы есебін берді.

Оның айтуынша, күні бүгін 8820 адам партия қатарында болса, 43 бастауыш партия ұйымы және 95 партия тобы қала өміріне белсенді араласуда.

Өткен екі жылда қалалық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде 1864 тұрғын қабылдауда болды. Олардың әлеуметтік мәселелерін шешу, мұқтаждықтарын өтеуге көмектесу бағытында кеңестер берілді.

Есепті мерзім ішінде 47 еңбек ұжымымен кездесу, партия бағдарламаларын, Елбасы Жолдауларын түсіндіру, насихаттауға бағытталған бірқатар шаралар өткізілген.

Конференция барысында бірқатар азаматтар да сөз алып, ойларын ортаға салды. Қалалық мәслихат депутаты, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің директоры Бақытгүл Хаменова партияның кеңейтілген отырысына қатысып, тарихи сәттің куәгері болғанымен бөлісті.

— Елбасы қатысқан жиыннан алған әсер мен түйген ойда шек жоқ, — деді партияның саяси кеңесінің мүшесі. — Уақыт марғаулықты күтпейтіндігін, әлемдегі қиыншылықтардың Қазақ еліне салқынын тигізбей қалмайтындығын Елбасы есті сөздерімен миллиондаған жүректерге жеткізді.

«Нұр Отан» партиясы сайлауалды тұғырнамасының «білім және ғылым» бағыты бойынша партия филиалының партиялық кураторы, фракция жетекшісі ретінде мені елең еткізген тағы бір жаңалық әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту болды. Апатты жағдайдағы білім ошақтары мен үш ауысымдық мектептер мәселесін шешу үшін білім беру саласына қосымша 70 миллиард қаражат қарастырылса, мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін балабақшалар құрылысына үш жыл бойы қосымша 20 миллион теңгенің қарастырылғаны зор қуаныш болды. Бұл еліміздің келешегі – жастар үшін салынып жатқан өлшеусіз, қайтарымы мол инвестиция екені сөзсіз, — деді Бақытгүл Хаменова. 

 Сондай-ақ, үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназиясының директоры Лилия Лигай, «Мүгедектер» спорт клубының бастауыш партия ұйымының төрағасы Манас Қожасов және қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жасұлан Бисембиевтер сөз алып, Жолдау мазмұнының өзектілігіне, тақырыбының маңыздылығына тоқталды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button