Жоғары білім берудің жаңа жүйесі
Бұл жолғы Елбасымыздың Жолдауы қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету бағытында әрбір құрылымға нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеді. Атап айтқанда еліміздегі жоғары оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптардың күшейтілгені, оқу орнының сапасын оны бітірген түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі арқылы бағалау туралы қажеттігі айтылды.
Шын мәнінде де сапалы, қазіргі өндіріс орындарына қажетті білікті маманды дайындауды бүгінгі күні басты назарда ұстауды қажет деп ойлаймын. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы 2018 жылғы ақпан айындағы өткізген ақпараттық технологиялар бойынша білім беру бағдарламаларын бағалау рейтингісінің көрсеткішіне сәйкес біздің Атырау мұнай және газ университеті алдыңғы (Республикамыздың жоғары оқу орындары арасында Қазақ-Британ технологиялық университеті, Ақпараттық-технологиялар халықаралық университеті, «Нархоз» университетінен кейін) 4 орынды иеленді.
Жолдауда көтерілген келелі мәселенің бірі – ғылымды дамыту. Әрбір жоғары оқу орнындағы студент ұғымы – сапалы, білімді, ғылыми ізденісі бар, ұлттық, патриоттық негізде тәрбиеленген тұлғаны білдіреді. Атырау мұнай және газ университеті мұнай-газ саласының үздіксіз білім берудің интегративті модель жүйесі негізінде 26 мамандық бойынша бакалавр, 5 мамандық бойынша магистранттарды дайындайды. Алдағы уақыта магистратура мамандықтарын көбейтіп, PhD докторларын дайындау мақсатында докторантура ашуға жұмыстар жүргізілуде.
Көшбасшымыздың қазақстандықтардың қоғамдық қауіпсіздігін мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау туралы тапсырмасы да өте өзекті мәселенің бірі. Атырау мұнай және газ университеті қазіргі таңда дамудың кампустық моделін таңдаған оқу орындарының бірі. Студент жастарға білім, ғылым, тәрбие беру бағытында ортақ мекеніне айналған студенттік кампуста жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақылау бейнежүйесі қондырылды.
Егер бұрын университеттің ролі дәстүрлі болса, қазір ХХІ ғасырда университеттің ұғымы түбегейлі өзгерді. Кәсіптік біліммен қатар, заманауи ғылым және көшбасшылық дағдыларды дамыту керек. Елбасы жолдауы біздің заманауи университетке сәйкес болуымызды міндеттейді және Атырау мұнай және газ университеті ұжымы осы бағытта жұмыстарын жалғастырмақшы.
Али АБИШЕВ,
Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, профессор.