Жинағыңызды қайда жұмсадыңыз?
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында жағымды жаңалық аз емес. Соның бірегейі – жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақты тұтыну. Осы хабарды естіген салымшылардың жарғақ құлағы жастыққа тимей, «қанша алар екенмін?», «оны нендей мақсатқа жұмсаймын?» деп дегбірі қашқаны да рас.
Бірақ, кейінірек байқағанымыздай, артында жинағы бар салымшының барлығы бірдей оған қол жеткізе бермейді екен. Өйткені, жинақтың белгілі бір мөлшерін тұтыну механизмі оп-оңай шешіле салатын шаруа емес. Салымшыға жинақтың тек белгіленген мөлшері ғана беріледі де, біразы есепшотта қалады.
Алдын ала есептеу бойынша, 30 жастағы салымшы үшін «жеткіліктілік шегі» – 2 млн. 518 мың теңге. Яғни осы ақша жинақта қалуы тиіс те, салымшы одан асқанын ғана өз қажетіне жұмсайды. Ал, 35 жас үшін – 2 млн. 961 мың т., 40 жас үшін – 3 млн. 437 мың т., 45 жас үшін – 3 млн. 947 мың т., 50 жас үшін – 4 млн. 495 мың т., 55 жас үшін – 5 млн. 084 мың т., 59 және одан үлкен жас үшін 5 млн. 586 мың теңге болуы қажет.
Осы ақша жинақ есепшотында қала береді де, осылардан асқанын ғана салымшы пайдалануға құқылы.
Әркімнің қалауы әрқалай
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржының сол еңбеккердің маңдай терінің, яғни жалақысының 10 пайызы екенін ескерсек, табысы жоғарының жинағының да молырақ болатынын түсіну қиын емес. Мерзімінен бұрын алынған жинақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке баспана сатып алып не оның қарызымен толық есептесуге, жеке үй құрылысы мен жер телімін, тұрғын үй сатып алуға, ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге және берешекті ішінара немесе толық өтеуге, ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыруға, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызын алуға және оның берешегін ішінара немесе толық өтеуге, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыруға, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша жеке тұрғын үй салуға және жер учаскесін сатып алуға, сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын түрлі ауруларды емдеуге жұмсап жатыр. Ал, атыраулықтардың қалауы қандай?
Биыл 1 қазанда Атырау облысындағы салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны – 409 079, оның ішінде:
– міндетті зейнетақы жарнасы (жинақпен) – 381 523;
– міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы (жинақпен) – 26 177;
– ерікті зейнетақы жарнасы (жинақпен) – 1 379.
2021 жылғы 31 қазанға дейін Атырау облыстық филиалы бойынша БЖЗҚ-ға зейнетақы жинақтарының бөлігін мерзімінен бұрын алуға берілген 70 768 мың өтініш болса, оның 60 377-сі баспана жағдайын жақсарту үшін берілген. Оның 43 331-і қанағаттандырылып, 235 млрд. теңге берілген. Ал, емделуге берілген 10 179 өтініштің 8 385-і 8,7 млрд. теңге көлемінде қанағаттандырылды.
* Сіз не дейсіз?
Биыл қаңтар айында азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге төлеу, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) компанияларға инвестициялық басқаруға аудару құқығын беретін заңнамалық нормалар күшіне енген болатын. ИПБ-ға Атырау облысының 212 тұрғыны өтініш берсе, оның 152-сі қанағаттандырылып, 288 млн. теңге берілді.
Қаперге береріміз, ИПБ-ға аударылған соманы мерзімінен бұрын пайдаланылған зейнетақы жинақтарына жатқызуға болмайды. Себебі, олар жүйеде қалып қояды және салымшының жеке зейнетақы шотында көрініп тұрады. Әр жұмыс күніне анағұрлым толық және өзекті ақпарат Қор сайтының «Көрсеткіштер» бөлімінде берілген.
Қордағы жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтары – Заңның 31-32 баптарында көзделген негіздер бойынша ғана БЖЗҚ-дан төлемді алуға құқығы бар салымшылардың өз меншігі. Сондықтан, салымшы оны қайда және қалай жұмсаймын десе де өз еркінде.
Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ,
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры»
Атырау филиалының директоры
Тұрмысына қарай таңдалса…
Меніңше, жеткіліктілік шегі о баста дұрыс таңдалмаған. Себебі, қарызы көп, баспанаға зәру, өзі дімкәс жандар, расында, тұрмыс жағдайы нашар адамдар. Сондықтан, бұл шара осындай категориядағы адамдарды қолдау үшін жұмыс жасауы керек еді. Бірақ, қазір үй алып жатқан да, салымдарының бір бөлігін инвестицияға құйып жатқандар да тұрмысы күйлі кісілер. Ал біз жеткіліктілік шегіне маңайламайтын азғантай тиын-тебенмен әлі отырмыз.Сондықтан, мұның тетіктері қайта қаралғаны жөн.
Жұмабек ЖАРЫЛҒАСҰЛЫ,
күзетші
Баспана бағасы аспандап кетті
Мемлекеттің зейнетақы жинағын алуға рұқсат бергені дұрыс болды. Бірақ, тәуелсіз сарапшылардың болжамы дәл келіп, баспанаға сұраныс көбейген соң бағасы шарықтап кетті. Бұрын 7-8 миллион теңге сұраған ескі пәтерлерге қожайындары – 10-12, кейбір жерде 13-15 млн. теңге сұрады. Рас, олардың бәрі бірдей өтіп кеткен жоқ, дегенмен бұрынғы бағасынан аз да болса көтеріңкі бағаға сатылды.
Жасыратыны жоқ, аудан халқының басым бөлігі мұнай кәсіпшілігінде жұмыс жасайтындықтан, олардың біразы қордағы жинақтарына қол жеткізді. Бірі отырған үйінің қарызын жапса, енді бірі жаңадан баспана сатып алды. Бір жақсысы, осыдан кейін салымшылардың қорға деген сенімі мен үміті ұлғайды. Бәрінен бұрын табысы жоғары жұмысқа кіруді, артына молырақ қаржы жинауды ойлайтын болды.
Нұрыш САҒЫНҒАЛИЕВА,
Құлсары қаласының тұрғыны
«Үйімнің қарызын өтедім…»
Зейнетақы қорындағы салымның жеткіліктілік мөлшерден асқанын алу біраз адамның бағын ашты деуге негіз бар. Шынында да, әркім қажетін өтеуге зор мүмкіндік алды. Осындай көмек-қолдаудың арқасында мен секілді талай жас отбасы баспаналы болды. Айлық табысымның көптігінің арқасында есепшотта қалатын жеткіліктілік мөлшерден асқан миллиондаған ақшам болып, сонымен үйімнің қарызын жауып тастадым.
Менің бір байқағаным, көптеген жекеменшік ұжым басшылығы жалдамалы жұмысшылардың бірыңғай жинақ қорына ақша аудармайды. Жұмысшының өзі де оған мүдделі емес, қолына молырақ жалақы алғысы келеді. Осылайша олар: «Ой, зейнет жасына дейін кім бар, кім жоқ. Одан да бар тапқанымды қазір ішіп-жейін» деген түсінікпен жүр. Мұндай жүрдім-бардым көзқарас зейнетке шыққанда да кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан, әркім өзінің ертеңін, яғни қамсыз қарттығын бүгін ойлауы керек.
Мәулен Қуанышұлы,
мұнай-газ саласының қызметкері.мұнай-газ саласының қызметкері.
Бірлік ауылы,
Атырау қаласы
Түйін
Аталарымыз «Ұл таппайтын әйел жоқ – тұрарын айт, мал таппайтын еркек жоқ – құрарын айт» дейді. Сол секілді, ертелі-кеш еңбек етіп, күнделікті нәпақасын тауып жүрген адамда есеп жоқ. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, олардың жұмыстары да, алатын айлықтары да әрқалай. Ал зейнетақы қорына жиналатын қаражат жалақының 10%-ы болғандықтан, біреудікі тиісті шектен асып жатса, келесі адамның еншісі оған жетпейді. Мұндайда ешкімге реніш болмаса керек.
Тек үлкендер айтқан «Барының қайырын берсін» деген бір ауыз сөзге жұбануға тура келеді.
Лиза СЕЙТІМОВА