ЖІГЕРЛЕНДІРУШІ КҮШ БЕРГЕНДЕЙ…

Елбасының сындарлы саясатының арқасында мемлекетіміздің керегесі кеңіп, шаңырағы биіктеді. Болашағымыз айқындалып, мақсаттарымыз орындалуда. Қазақстан күннен-күнге қарышты дамып келеді. Әлемнің 150-ден астам елімен дипломатиялық қатынас орнатылды. Ұлттық сана мен ұлттық нанымға өзгерістер енді. Сөйтіп, әлем кеңістігінде өзіндік орны бар, өз келешегін еркін болжай алатын қуатты ел болдық. Елбасының бүгінгі күнгі жүргізіп отырған қазақстандық даму жолының дүние жүзі қайраткерлері тарапынан қолдау тауып, қызығушылық туғызып отырғандығы сондықтан.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын Қазақстан халқына Жолдау арнап, бағыт-бағдар жасап, нақты тапсырмалар беріп отырады. Биылғы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында қажырлы еңбекті, елдің ішкі әлеуетін арттыру сияқты маңызды мәселелердің барлығы да қамтылған.

Біздің Махамбет ауданының еңбеккерлері де бұл Жолдауды қызу қолдайды. Жол, тұрғын үй, мектеп, балабақша, газ, су мәселелері шешімін тауып, емхана, мал шаруашылықтарындағы жұмыстарға жаңа тәсілдер қолданылып, халық игілігіне пайдаланылуда. Көпір мәселесі де шешілуде. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Зейнеткерлер зейнетақыларын уақтылы алады. Жолдауға Атырау-Астрахан тас жолының енуі өте қуанарлық жағдай. Бұдан екі өңірдің арасындағы қарым-қатынас жақсарады. 

Бірнеше ұлт пен ұлыстың басы бірігіп, тату-тәтті мекеніне айналған елімізде өзара түсінушілік пен өзгенің қадір-қасиетіне сыйластықпен қараудың ерекше көрінісі бар. Бұл ауызбірліктің, ұлттар достастығының нәтижесі. Қазақстан заман көшінде осылайша өзінің саяси бағытын анықтап алды. Қазақстан жолының таңдауы конфессияаралық келісім, ұлттар татулығы, экономикалық тұрақтылық, халықаралық әріптестік сияқты кең ауқымды қамтиды. Мұның барлығы Елбасының салиқалы саясатының нәтижесі.

Біздің ауданда 3000-ға жуық еңбек ардагерлері бар. Олардың ішінде Ұзақбай Төлегенов, Аманқос Есмақов, Тыныштық Үмбеталиев, Сәлімжан Жайықов, Социал Қабдолов, Жылқайдар Сұлтанов, Матжан Аманғалиев, тағы басқалар ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене араласып жүр. Олар  биылғы Президент Жолдауына да үлкен мән беріп, өздерінің өмірлік іс-тәжірибелерінің негізінде Жолдаудың мәнін жастарға түсіндіруден бір жалыққан емес. «Қариялы үй қазыналы» дейді ғой қазақ, ендеше, біздің ардагерлеріміз де ортақ мекеніміздің гүлденіп, одан әрі дами түсетіндігіне сенімді әрі осы жолда аянбай еңбек ете бермек.

Нәсіпқали Сәменов. 

Махамбет ауданының Құрметті азаматы, Құқық қорғау саласының үздігі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз