Ел бірлігі – тәуелсіздік тірегі

жаналыктар 1 Жаңалықтар

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар қабылдаған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларацияны атыраулықтар да қолдайтынын білдіруде. Кеше облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өткен жиынға облыстық мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестік мүшелері, аймақ жастары және  ғылыми-сараптамалық топ өкілдері қатысты.

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba%d1%82%d0%b0%d1%80

Олар қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан Тәуелсіздік Декларациясы туралы өз ойларын білдірді. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты, «Видергебурт» этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Думлер ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларацияны тарихи құжат деуге толық негіз барын айтты.

Атыраулықтарды алдымен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен құттықтай сөйлеген облыстық мәслихат депутаты, «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Ли Людмила аталған жиынға жастардың көптеп қатысқанына қуанышты екендігін жеткізді. Айтуынша, ел ағалары бас қосып, естеліктермен бөлісетін шаралардан өскелең ұрпақ үлгі-өнеге алады. Алдыңғы буынды құрметтеуді үйренеді.

Жиында сөз алған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин де Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларацияның қабылдануының тарихи маңызы барын айтты. Ол ширек ғасырлық мерзімде талай қиындықты артқа тастаған еліміздің биіктерді бағындырғанын сөз етіп, өткенге шегініс жасады. Сондай-ақ, ол көп ұлт өкілдері тұратын өңірімізде өзге ұлт өкілдерінің өзіндік орны, ел дамуына қосқан мол үлесі барына тоқталды.

Ал, жиынның модераторы Атырау мұнай және газ университеті ректорының кеңесшісі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Дүйсенбек Құлжанов Декларация қабылдауға байланысты аталған құрылымның ел азаматтарына Үндеуін таныстырды. Онда «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Декларациясы – бұл Қазақстанның қазіргі және болашақ ұрпақтарын, біздің басты және қастерлі  құндылығымыз, егемендік пен Тәуелсіздікті сақтау мен нығайтуға, «Мәңгілік ел» құндылықтарын ардақтауға және арттыруға шақыру» деп айтылған.

Мәлике МӘЛІК

Суретті түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз