Жарнама
Саясат

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЕСЕЛЕЙ ТҮСЕДІ

 

Шүкіршілік! Осы кезеңде Қазақстан экономикасы елеулі өзгеріске түсті. Швейцарияның Женева қаласындағы ДСҰ-ның штаб-пәтерінде елімізді өз қатарына қабылдау шарасына қатысып, сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған бірнеше нақты дәлелдер келтірді. Егер осы тұжырымды ойлардың түйінін тарқатып айтсақ ше? Біріншіден, ел экономикасы қуатты да ашық бола түсті. Ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемі 18 есе өсіп, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жетті. Сауда қатынасының географиясы да әлдеқайда кеңейе түсті. Бүгінгі күні біз әлемнің 185 елімен сауда жасайды екенбіз. Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі экономикалық әріптесі болып табылады. Саудамыздың 40 пайыздан астамы соның үлесіне тиеді. Екіншіден, Қазақстан экономикасының құрылымы да үлкен өзгерістерге түсті. Бүгінгі күні еліміздің ішкі жалпы өнімінің 54 пайызын қызмет көрсету саласы қамтамасыз етіп отыр. Бұлар – қаржы, телекоммуникация, құрылыс, энергетика, көлік салалары. Үшіншіден, Қазақстан инвестициялық әлеуетін едәуір нығайтты. Соңғы он жылда ел экономикасына 200 миллиард доллардан астам шетелдік инвестициялар тартылды. Еліміздің ең ірі инвесторлары – Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Корея Республикасы.

Сонымен ДСҰ-ға қосылдық. Мұның өзі сыртқа ұсынатын тауарлары көп, әрі жаңа технологияларды отандық өндіріске енгізуге барынша мүдделі болып отырған Қазақстан үшін  орасан зор оқиға. ДСҰ ережелері дамушы елдер үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырады. Өз нарықтарын қорғаудың неғұрлым жоғары кедендік-тарифтік қорғау құралдарына ие болады.

Қазіргі уақытта әрбір ел өзіне қажетті барлық тауарларды өз ішінде шығарып жатпайтын болды. Оны басқа елдерден сатып алуды әдетке айналдырып келеді. 

ДСҰ-ға мүше болып ену еліміздің экономикасына үлкен өзгерістер әкеледі. Президентіміз Н.Назарбаев бұл мәселеге үлкен мән беріп, икемділік пен дипломатиялық шеберлік танытты. Бұл – оның үлкен тағы бір жеңісі.

Сайып келгенде, өз тәуелсіздігіне ие болған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде, адамзатқа ТМД кеңістігіндегі ең бейбітсүйгіш ел ретінде танылып үлгерген Қазақстанның алдынан  енді экономикалық самғау кеңістігі, одан әрі өсу, өрлеу өрісі ашылып отыр. Ендігі жерде байлықтың берекелі елге, кикілжің, дау-жанжалдардан ада аймаққа ғана тоқтайтындығы шындық екендігі жөніндегі қазақы қағидаға баршаның анық көзі жететін болады. Бұл ретте біздің Жылыой өңірі де үлкен ұйымшылдықпен еңбек етіп, әлемдік нарыққа шығуға ұмтылатын болады. Өйткені, бізге үлкен жауапкершілік  жүктеліп отыр.

Мұхтар Кенғанов,
Жылыой аудандық
мәслихатының хатшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button