Жарнама
Саясат

Қазақстандық туризмге жаңаша серпін қажет

Мемлекеттегі туризм серпінді жобалардың қатарында болуға тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бүгінгі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айрықша айтылды.

Мен Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын еңбек демалысыма байланысты Түркияның Анталия қаласында, Жерорта теңізінің жағалауында жүріп тыңдадым. Бұл құжатта әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары жан-жақты зерделеніп айтылды. Әр сала бойынша алдымызға үлкен мақсат-міндеттер де қойылды. Соның ішінде Президенттің «Туризм серпінді жобалар қатарында болуға тиіс» деген сөзі осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатқанын айқындап берді.

Шынымен де, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, туризм саласы бойынша еліміздің басқа мемлекеттермен салыстырғанда біраз артта қалып келе жатқаны рас. Біз бұл сынды жатырқамай қабылдап, мемлекеттегі барлық мүмкіндікті пайдаланып, елді нағыз туристердің отаны етіп қалыптастыруымыз қажет. Бұл үшін Мемлекет басшысы кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындауды тапсырды.

Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн екенін атап айтты.

Біз бұған дейін Қазақстанның барлық аймағын аралап, біраз демалыс орындарында болып жүрміз. Біздің табиғатымыз әп-әсем. Көрікті жерлер мен киелі орындарымыз өте көп. Бірақ, бірқатар орында ел-жұртқа жайлы демалыс сыйлайтындай жағдайлардың жасалмағанын, қызмет көрсету сапасының кемшін тұстарын көзбен көріп, қатты қынжыламыз. Бірнеше жыл қатарынан елдің әр қаласын көлікпен аралап, Отандық туризмнің жай-күйімен таныстық. Жуырда Түркияның Анталия қаласына Жерорта теңізінің жағалауына келгенде Қазақстандағы және шетелдегі туризмді салыстыру жер мен көктей екеніне көз жетті.

Мұндағы әсем табиғатты айтпағанда қызмет көрсету деңгейінің өзі өте мәдениетті, сапасы жоғары. Соған сәйкес мұнда күн санап ағылып жатқан туристердің де көңіл-күйі көтеріңкі. Біздің демалғанымызға екі-ақ күн болса да, шетелдіктердің туризм саласында біраз жаңашылдықтарына қанықтым.

Менің айтпағым, алдағы уақытта осындай жағдайлар өз елімізде салтанат құрса екен. Президент айтқан мақсат-міндеттер жүйелі түрде қолға алынып, орынды іске асырылса игі. Бұл үшін Қазақстан туризміне «елім, жерім, Отаным» деген шын жанашыр белсенді азаматтар ортадан суырылып шықса екен деген тілек-ниет бар.

Арайлым НҰҒЫМАНОВА,

«Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығының жетекшісі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button