ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауының ауқымы кең. Ел дамуының басты кілті саналатын бұл құжатты Мемлекет басшысының жыл басынан бұрын жария етуінің де өзіндік мәні бар. Бұл жөнінде республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Бекенов баяндап, Жолдау жүктеген міндеттерді саралады.
«Мемлекет басшысы ұзақ мерзімді стратегиясына қоса келер жылғы жоспарларды алдын ала бекітті. Соның ішінде Ұлттық қорға қаржы жинау мәселесіне ерекше ден қойды. Дәлірек айтқанда, 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Оны ел экономикасын арттыруға тиімді жұмсау қажет. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнестің дамуы 18 пайызды ғана құрап отыр. Ел экономикасын дамытудың негізгі тетігі – шағын және орта бизнесті дамыту болса, біздегі бұл көрсеткіш әлі де төмен. Сондықтан, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде шағын және орта бизнестің өрлеуіне Ұлттық қордан 100 млрд. теңге бөлінбек» деді Асхат Сахибеденұлы.
Сондай-ақ, халық қалаулысы өз сөзінде Мемлекет басшысының көліктік-логистикалық, индустриялық, энергетикалық, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту жөніндегі алға қойған міндеттерді орындау – кезек күттірмес жұмыстар екенін айтты.
Елбасының әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енудің басты қадамы – білім беру саласын дамыту. Мәжілісменнің айтуынша, Қазақстанда 7698 күндізгі білім беретін мектеп бар. Оның ішінде 92 мектеп үш ауысымда оқиды, 182 мектеп апатты жағдайда. Бұл мәселені жою үшін Ұлттық қордан 70 млрд. теңге қаржы бөлінбек. Ал, балабақша жасындағы балалар саны — 1 млн. 300 мыңнан асады. Оның ішінде 600 мыңнан астамы балабақшамен қамтылған. Бұл мәселенің де шешілу жолдары назардан тыс қалмай, Елбасының Жолдауынан көрініс тапты. Әңгіме төңірегінде мінбеге көтерілген «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің мүшесі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Бақытгүл Хаменова тарқатты.
«Жолдаудың идеясы – өте нақты, жаһандық үдерістерге қалқан бола алатын басты құжат. Оны Мемлекет басшысы өзінің есті сөздерімен миллиондаған халыққа жеткізе білді. Еліміздің экономикалық дамуымен қатар, халықтың бірлігін, тұтастылығымызды сақтауды міндет етті.
Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі. Болашақтың тірегі жастардың білім саласында толыққанды білім алуына жағдай жасау – маңызды жұмыс. Атап айтқанда, Елбасы білім беру үрдісіне баса назар қойды. Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді жою мақсатында 20 млрд. теңге бөлу – көптің көңіліне қуаныш ұялатуда. Бұл әсіресе, үш мыңның үстінде балабақшаға кезекте тұрған Атырау өңірі үшін жағымды хабар болды. Ендігі уақытта Елбасы айқындаған бағыттарды жүйелі іске асыру қажет, — деді Б.Қайыржанқызы.
Мемлекет басшысы Жолдауын талқылауға арналған мұндай жиын Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында жалғасты. Жиынға қатысқан мәдениет саласының қызметкерлері халық қалаулысымен еркін пікір алмасып, ой бөлісті.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.