ЕСКЕРТУ ХАБАРЛАМА НЕГЕ КЕШ КЕЛЕДІ?

Ауа райының күрт бұзылуына байланысты орын алған жағдайлар туралы кеше Орталық Коммуникациялық Қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Журналистермен жүздесуге бұл жолы республиканың Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко келген болатын. 

 

Жыл басталғаннан бері елдің әр түкпірінде түрлі оқиғалар болып жатыр. Бет қаратпас бораннан адамдар көлденең жайларға кезігуде. Республикалық маңызды жолдардың уақытша жабылғандары да аз емес. Бір ерекшелігі, Төтенше жағдайлар министрлігі табиғаттың тосын құбылысының боларын жұртшылыққа алдын ала, немесе дер кезінде хабарлама арқылы жеткізуге ұмтылуда. Министр Божконың баяндауынша, биылТЖМ операторлары жолдардың жабылатындығы мен дауылды ескертетін 138 смс-хабарлама таратқан. 

– Бір айдың ішінде біз жолдарды 128 рет жабуға мәжбүр болдық. Бұл Алматы, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан басқа барлық өңірлерде болған жағдай, – деді құрылым басшысы. 

Алайда, жедел хабарландыруларға қатысты халықтың айтар арыз-шағымы аз емес. Әңгіме, мектептерде сабақтың болмайтыны туралы смс-хабардың кеш келетіні туралы. Үкімет мүшесі бұл хақында төтесінен қойылған сұраққа тура жауап беріп, жағдайдың техникалық жағын сөз етті.«Аппаратура бір дегенде 250 мың абонентке хабар беруге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, миллион тұрғыны бар қала халқының ең жоқ дегенде 50 пайызының мобильді телефоны бар деп есептесек, мәліметтер базасында тізімнің ең соңында тұрған абонент смс-хабарды 2,5 сағаттан кейін бір-ақ алады» деді министр.

Баспасөз мәслихатында «Қорғас» хабын қорғау үшін Қазақстан селден қорғау және тасқынға қарсы құрылыстар салынатыны жайында да айтылды.  Министр журналистердің өзге де сауалдарына жауап берді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз