
Жаһандық әріптестік: Қазақстан–Венесуэла ынтымақтастығы
Латын Америкасы елдері мен Орталық Азияның арақашықтығы мыңдаған шақырымға созылып жатқанына қарамастан, екі өңір арасындағы ынтымақтастықты дамытудың нақты мүмкіндіктері бар. Бұл жөнінде Венесуэла Боливар Республикасының Ұлттық Ассамблеясының депутаты, «Венесуэла – Қазақстан» достық парламенттік тобының төрағасы Уиллиам Бенавидеспен облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі сұхбаттасты.
– Құрметті Уиллиам мырза, сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Қазіргі таңда сіз Венесуэла мен Қазақстан арасындағы парламентаралық достық тобының төрағасысыз. Бұл топ қашан құрылды және Венесуэланың Орталық Азиядағы өзге елдермен парламентаралық байланыстары қандай деңгейде?
– Сұхбатқа шақырғандарыңызға рақмет. Қазақстанмен парламентаралық достық тобы шамамен төрт жарым жыл бұрын құрылған. Бұл топ екіжақты қарым – қатынасты нығайтуға бағытталған нақты платформа ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар, Венесуэланың Қырғызстан, Өзбекстан сияқты Орталық Азия елдерімен де осындай достық топтары бар. Әрбір топқа Ұлттық Ассамблея құрамындағы нақты депутаттар жетекшілік етеді, бұл байланыстардың жүйелі және нәтижелі болуын қамтамасыз етеді.
– Осы уақыт ішінде қандай нәтижелерге қол жеткізілді? Аталған топ аясында нақты бастамалар жүзеге асты ма?
– Әрине. Өткен жылы түрлі елдердің депутаттарының қатысуымен халықаралық конференция өткіздік. Бұл іс-шара парламентаралық диалогты нығайтуға бағытталған тиімді пікір алмасу алаңына айналды. Алдағы уақытта, нақтырақ айтсақ, осы жылдың соңына дейін Қазақстаннан парламенттік делегацияны Венесуэлада қарсы алуды жоспарлап отырмыз. Сапар барысында Ұлттық Ассамблеяда ресми кездесулер ұйымдастырылады. Онда қазақстандық әріптестеріміз өз ұсыныстарымен бөлісіп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылай алады. Сонымен қатар, делегация мүшелерін Венесуэланың жергілікті өзін-өзі басқару және коммуналдық даму салаларындағы тәжірибесімен таныстыру көзделіп отыр.
– Жинақталған тәжірибеге сүйене отырып, достық тобы жұмысының болашақтағы басым бағыттары қандай болмақ? Қай салаларға ерекше назар аударылады?
– Қазіргі таңда біз жұмысты бірнеше негізгі бағытта дамытуға ниеттіміз. Алдымен, бұл – саяси кеңес беру тетіктерін күшейту. Сонымен қатар, мұнай-газ саласындағы әріптестікті тереңдету күн тәртібінде тұр. Қазақстандағы Венесуэла дипломатиялық өкілдігі арқылы өзара байланыстарды жандандыру да маңызды. Бұған қоса, БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ислам ынтымақтастығы ұйымы секілді халықаралық алаңдарда заңнамалық өзара іс-қимылды нығайту бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.
– Қазіргі таңда Венесуэла мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынас деңгейін қалай бағалар едіңіз? Сауда-экономикалық көрсеткіштер әзірге айтарлықтай жоғары емес секілді.
– Бұл пікірмен келісуге болады. Бүгінгі экономикалық деректер біздің елдер арасындағы ықпалдастықтың толық әлеуетін көрсете алмай отыр. Алайда Венесуэла өз сыртқы саясатында халықаралық ынтымақтастықты әртараптандыру бағытын берік ұстанып келеді. Ресей, Қытай, Үндістан сынды стратегиялық серіктестермен қарым-қатынасты нығайтуға басымдық бере отырып, біз Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен өзара байланысты тереңдетуге ерекше көңіл бөліп отырмыз.
– 2017 жылы Венесуэла Президенті Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Ал 2025 жылдың мамырында Мәскеуде өткен кездесуде Николас Мадуро мен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапар жасау мүмкіндігін талқылады. Дегенмен, ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, энергетика және логистика секілді маңызды салаларда нақты жобалар әзірге жүзеге аса қойған жоқ. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Аталған сапарлар – тараптар арасындағы жоғары деңгейдегі өзара мүдделіліктің айқын көрінісі. Президент Николас Мадуро өз сөздерінде Орталық Азиямен, соның ішінде Қазақстанмен экономикалық әрі гуманитарлық байланыстарды жандандыру қажеттігін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Иә, нақты жобалардың жүзеге асуы уақыт пен жүйелі жұмыс талап етеді. Алайда ең бастысы – бұл үдерістің басталып кеткені. Қазірдің өзінде екі ел арасында сенімге негізделген диалог орнады. Саяси ерік-жігер мен өзара түсіністік бар жерде нақты нәтижелердің де алыс емес екеніне сенімдімін
– Венесуэла мен Орталық Азия елдері арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың келешегін қалай болжайсыз?
– Біз ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге ниеттіміз. Бұл тек заңнмалық тәжірибе алмасумен шектелмейді. Парламентаралық байланыстар аясында мәдени, спорттық, ғылыми-білім беру және экономикалық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға да үлкен мән беріліп отыр. Биылғы жылдың соңына дейін қазақстандық парламенттік делегацияның Венесуэлаға сапары жүзеге асады деген үміттеміз. Бұл – біздің достық тобы жұмысының негізгі басым бағыттарының бірі.
– Уиллиам мырза, тақырыпты сәл басқа арнаға өзгертсек. Қазақстанның батысында, Жайық өзенінің бойында орналасқан Атырау облысы – Каспий маңы аймағының маңызды орталығы. Облыс орталығы саналатын қалада кәріз жүйесі мен дренаж мәселелері өзекті болып тұр. Осы ретте, сіздің ойыңызша, Атыраудағы дренаж жүйесін жетілдіруде Каракас қаласының қандай тәжірибесін қолдануға болар еді?
– Каракаста су тасқыны мен дренаж мәселесі – өзекті экологиялық тақырыптардың бірі. Бұл мәселе қала инфрақұрылымының маңызды бөлігі болып табылады және жауын-шашын маусымында ерекше мәнге ие.
Қала географиялық тұрғыда аңғарда орналасқан, төңірегі таулармен қоршалған. Қаланы бойлай Гуайра өзені ағып өтеді. Қаланың барлық кәріз және дренаж жүйелері осы өзенге бағытталған. Сондықтан жауын жауғанда су өзенге тез құйылып, тасқын қаупі азаяды. Бұл – табиғи дренаж жүйесінің тиімділігімен түсіндіріледі.
Алайда Каракас сияқты еңісті жерлерде ғана емес, жазық аймақтарда да өз ерекшеліктері бар. Мұндай жерлерде су табиғи түрде ағып кете алмайтындықтан, жасанды дренаж жүйелері қолданылады. Арнайы құбырлар арқылы су қала аумағынан төмен орналасқан аймақтарға бағытталып, сол арқылы жиналған су шығарылып отырады.
Кейбір аудандарда су ағынын қамтамасыз ету үшін «юмбо» деп аталатын техника пайдаланылады. Бұл әдіс арқылы тек дренаж жүргізіліп қана қоймай, құрылысқа қажет тас, құм секілді материалдар да алынады. Мұндай тәсіл су ағымын жақсартып, арналардың өткізу қабілетін арттырады.
Жауын-шашын мол түсетін жағалау маңындағы Арагуа штаты секілді аймақтарда дренаж жүйесінің тағы бір түрі қолданылады. Мұндағы кейбір аймақтар теңіз деңгейіне өте жақын орналасқан. Соның салдарынан жауын кезінде жергілікті жерлерде су жиналып, уақытша тасқындар болуы мүмкін. Осындай жағдайда автоматтандырылған сорғы жүйелері іске қосылып, суды қала ішінен жоғары аймақтарға айдап шығарады. Бұл – тасқынның алдын алудың заманауи әрі тиімді жолы.
Сонымен қатар қалада нүктелік дренаж жүйелері де бар. Бұл жүйеде жауын суы арнайы белгіленген орындар арқылы жиналып, әрі қарай дренаж желісіне бағытталады. Жүйе тиімді жұмыс істеуі үшін алдын ала дайындық, арналарды тазалау және техникалық қызмет көрсету тұрақты түрде жүргізіледі.
Қорытындылай келе, Каракаста дренаж жүйесі табиғи және жасанды жолдар арқылы жүзеге асырылады. Қала географиясына қарай әртүрлі тәсілдер қолданылып, жауын-шашын кезіндегі қауіптің алдын алуға барынша жағдай жасалған. Бұл тәжірибе басқа елдер үшін де үлгі бола алады, әсіресе дренаж жүйесі дамымаған немесе жаңғыртуды қажет ететін аймақтар үшін.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛ