ЖАҢА БАҒДАРЛАМАҒА – БАЙЫПТЫ КӨЗҚАРАС

 ...Барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр...
Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ
Қазақстан халқына Жолдауынан.
Білім беруді ақпараттандырудың жаңа кезеңі «е-learning» – электронды оқыту жүйесін енгізумен байланысты. Ол білімді дамытудың және көптеген өркениетті елдерде экономиканы көтерудің негізгі құралы болып отыр. Десек те, Қазақстанның білім беру саласы бұл жүйені қолдануға әлі толық дайын емес. Осы мәселе жуырда Парламент мінберінде де көтерілді.
Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева «e-learning» жобасының тиімсіз болып отырғанын алға тартып, «ақпараттық технологиялар «e-learning» жобасын әзірлегенімен, оны пайдаланатын кадр болмаса, оған жұмсалған қаражат құмға сіңген судай» екенін айтып, оны талқыға салды. Ал, бұған біздің қоғам қалай қарайды екен? Осы сауалды талқылау алаңына тастаған едік...
abakytБақытгүл ХАМЕНОВА, Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің директоры:
– Хакім Абайдың «Балаң білімді, парасатты болсын десең, малыңды аяма» деген даналық сөзі бар. Бұл – табыстың көзі, жақсы өмір сүру­дің түпқазығы білімде екендігіне дәлел сөз. Демек, білімге салынған бұл инвестицияны ең қайтарымды инвестиция деп түсінгеніміз абзал.
Шындығына келгенде, білім беру саласы әрдайым ілгерілеуге ниетті. Сол себепті жаңа технологияларды меңгеріп, қолданысқа енгізуге құштар. Дегенмен, білім жүйесі – бөлінген қаражатты бөліске салып, бейжай қарап бейқам тірлікті қанағат ете салатын жүйе емес. Керісінше, бір себептің бірнеше салдарын көрсетуді талап ететін сала.
Жуырда Парламент Мәжі-лісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысындағы басқосуда білім беру саласындағы «Электронды оқыту» бағдарламасына қатысты орынды сын-пікірлер айтылды. Мұнда білім бағдарламаларының табысты орындалып, оң нәтиже беруі мұғалімге байланысты екеніне назар аударылды. Дегенмен, кәсіби шеберлігі жетік мамандардың нысаналы бағдарламаны тиісті  деңгейде жүзеге асыруына кейбір құрылымдар кедергі келтірсе, ал кәсіби тұрғыда дайындығы төмендері істі құлдыратып жүргендігін жасырмау керек. Расында, депутаттардың жанайқайын халықаралық деңгейдегі сапамен әлемдік сатыға шығамыз деген үмітпен салынған есепсіз қаржы қайырлы қайтарымын көрсете алмағандығына алаңдаушылық деп түсінгеніміз жөн.
Бұл жүйенің барлық  құрылымы әлі де болса іске қосылмай, тек баға қою, сынып журналын толтыру, күнтізбелік жоспарды енгізу секілді қызметтермен шектеліп тұрғаны, ал  жүйені оқыту үдерісіне жан-жақты енгізуге кадрлық сапаның төмендігі, интернет желісінің әлі де толық қолжетімді болмауы  кедергі келтіруде.
Қазіргі таңда «е-learning» бағдарламасының тиімді, тиімсіз тұстары анықталып қана қоймай, жүзеге асырылуына қолбайлау болған нақты дәлелдер де айқындалғаны шындық. Алайда, біздің басты кемшілігіміз – беталды мақтанға салынып, барды бар, жоқты жоқ деп айта алмай қалатындығымыз екендігін  де мойындауға тиіспіз.  Сөз жоқ, мұның бәрі – білім беруді қар­жы­ландыру мен оның тыңғылықты игерілу мәселесіне келіп тірелетіні анық. Істі сөзге айналдырып емес, сөзді іспен дәлелдеу халыққа пайдалы екенін білеміз.  Сондықтан, реформаның аты емес, заты, нә­­ти­же­сі қажет. Жаңаруды да, жаңылуды да мойындап, бірыңғай дәйекті іске көшкеніміз абзал.  
akadinҚадим ОҢҒАРСЫНОВ,  білім беру саласы бойынша Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Бұл ретте бір нәрсені баса айтқым келеді. Бұрын мектеп кезінде бір оқулықты өзінен кейінгі бірнеше бала оқып, кәдеге жарататын. Ал, қазір жыл сайын білім жүйесіне өзгеріс енгізіліп, алдыңғы оқыған кітаптар пайдаға аспай жатыр. Сондай-ақ, кітап ішіндегі мәліметтердің күрделілігі сонша, мәселен, математиканың кейбір есептерін шешу оқушыны айтпағанда мұғалімдердің өзіне  қиынға соғып жатады. Мұның бәрі білім саласына электронды оқыту жүйесін енгізуге бағытталған жұмыстар негізінде жол беріліп жатқан қателіктер десек, артық емес. Электронды жүйе туралы дұрыс түсінбеген оқушы «біз мәліметті компьютерден ғана аламыз, сол жеткілікті» деп ойлайды. Көркем әдебиеттерді оқымайды. Ұлттық бірыңғай тестіге дайындаламын деп оқушы әр сұрақтың дұрыс жауабын ғана жаттауға тырысады. Бұл өскелең ұрпақтың ойының тайыздығына әкеледі. Мұның бәрі электронды оқыту жүйесінің кітапты алмастыра алмайтынын дәлелдейді.
Бұрын жеті-сегіз сабақтан ауызша емтихан тапсырылатын. Оқушылар кітапты бірігіп оқитын. Қазір бас қосып, кітапқа үңілген баланы көру қиын. Олардың санасын жаңа технологияға көшеміз деген ой жаулап барады. Ал, шындығында, жаңа технологияны мұғалімнің өзі дұрыс меңгермей, оны оқушыға үйретемін деу – үлкен қателік.
Бұрын білім беру саласында «Бастауыш мектеп», «Оқыту жүйесі мен бұйрықтар жинағы» сияқты журналдар шығарылатын. Оның ішінде сабақты қалай жоспарлау қажеттігі, басқа да мәліметтер толық әрі түсінікті жазылатын. Сол бойынша да мұғалім білімін жетілдіріп отыратын. Ал, қазір бұл журналдар жоғалып кетті. Электронды жүйе толық енгізілмей, мұндай кемшіліктерге жол бермеген жөн. Себебі, параққа басылған әр әріптің құндылығы қашан да жоғары.  
azhanaЖаңыл БАЛАПАНОВА, «Өр-леу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Атырау  облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі:
Оқытудың аталмыш жүйесі білім беру саласын түбегейлі өзгертеді. Яғни, мұғалім мен оқушының арасындағы байланыс өзгереді. Мәселен, «мұғалім ақпараттық коммуникациялық техникалармен қаншалықты жұмыс істей алады, ұстаз бен оқушының арасындағы байланыс өзгере ме?» деген сұрақтарға жауап аламыз. Ақпараттық технологиялардың арқасында сабақ беру әдісі жаңаланып, білім беру үрдісіне қатысушылардың міндеті өзгереді. Электронды оқыту жүйесі ұстаздарға білім берудегі жаңа бағытты үйретеді. Оның үстіне, Қазақстанда электронды оқыту жүйесін енгізу арқылы ЮНЕСКО-ның «барлығына қолжетімді білім беру» және «бүкіл өмір бойына білім алу» сияқты ХХІ ғасырдағы білім беру негізі жүзеге асырылады. Электронды оқыту жүйесі – білім берудің барлық деңгейін қамтитын жалпыжүйелік әдістемені айқындайтын бірден-бір жаңа бағыт. Сондықтан, электронды оқыту жүйесінің бүгінгі білім беру саласына берері мол.
Бір айта кетерлігі, электронды жүйемен оқыту қысқа мерзімді курстарға жатады. Жүйе бойынша әр педагог бір апта мерзімде оқытылады. Бүгін институтта бұл жүйе бойынша төрт жаттықтырушы (тренер) қызмет етеді. Олар Оңтүстік Кореяда білімін жетілдірген мықты мамандар. Десек те, курсқа келушілерге электронды жүйемен оқыту туралы бағыт-бағдар ғана беріледі. Оқудың соңында сауалнама жүргізіледі. Сол уақытта білімін жетілдірген педагогтар электронды жүйе бойынша оқытуға әзірліктерін, толық мағлұмат алғандарын жеткізіп жатады.
Ал, шынтуайтына келгенде, электронды оқыту тәсілдерін меңгеруге бір апта аздық етеді. Сол себепті бұл жүйеге толық көшу үшін міндетті түрде курс мерзімін ұлғайту қажет. Бұған қоса, әр мектеп толық компьютерлендірілуі керек. Аймақта биология, химия, информатика сыныптары ғана компьютермен толықтай жабдықталған. Ал, электронды оқыту жүйесіне көшуде әр мектептің әр сыныбының материалдық базасы жүз пайыз дайын болуы шарт.
Біздің аймақта 2000-ның үстінде педагог бар. Оның 600-ден астамы осы жүйемен білімін жетілдірді.
P.S. Міне, соңғы кездері білім беру саласындағы электронды жүйеге көшуге қатысты айтылып жүрген пікірлер осылай әртүрлі сипат ала бастады. Біреулер мұны құптаса, енді біреулері қош көрмейді. Қалай дегенмен де, оқушының ойын сан-саққа жүгіртпей, нақты бір жүйеге түскен жөн-ау…
 
Дайындаған Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
 
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз